Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 177 есірткі қылмысын тіркеді. Оның ішінде 87 дерек – есірткі сату фактісі. Заңсыз айналымнан 460 келіден астам түрлі есірткі, соның ішінде 4 келіге жуық синтетикалық зат тәркіленді.
Бұл және өзге де деректер туралы СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетов облыстық полиция ведомствосы жанындағы консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысында мәлімдеді.
Ол сондай-ақ Бас прокуратура бастамасымен күмәнді банк карталары мен шоттарын бұғаттау бойынша арнайы алгоритм әзірленгенін атап өтті. Жыл басынан СҚО-да 1452 қазақстандық, 2362 шетелдік есепшот пен 2278 криптовалюталық транзакция бұғатталды. Жалпы сомасы 52 824 000 теңге болатын бұл қаражат қылмыстық жолмен табылған, енді олар есірткі айналымына қайта түспейді.
Жиында проблемалық мәселелер де талқыланды: тәуекел тобындағы жасөспірімдердің бос уақытын қамту жұмысының жеткіліксіздігі, Петропавл қаласының кейбір аудандарында бейнебақылау камераларының тапшылығы. Талқылаудан соң ККО мүшелері депутаттық корпус арқылы нашақорлықтың алдын алуға қосымша қаржы бөлу мәселесін көтеруге, ал полицейлерге профилактика шараларын кеңейтіп, оған қоғамдық белсенділер мен полиция ардагерлерін тартуға ұсыныс жасады.
СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл барысы туралы баяндады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қылмыс түрі 36,4%-ға төмендеген. Пәтер және ұялы телефон ұрлығы айтарлықтай азайды. Мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Қоғам өкілдері полицейлерге тұрғындармен, жеке кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарымен жүйелі түрде алдын алу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
– «Заң мен тәртіп» – жай ғана ұран емес, бұл – біздің күнделікті бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Әр тәркіленген есірткі дозасы, әр ашылған қылмыс – қоғам қауіпсіздігіне жасалған қадам. Біз тек құқықбұзушылықтарға әрекет етіп қана қоймаймыз, сонымен бірге қылмыстың алдын алып, оған тосқауыл қоятын жүйелі жұмыстарды жүргіземіз, – деді СҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1054370?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау