ШҚО полицейлері бет-жүзді бүркемелейтін киімдерге тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

                                                                                            ШҚО полицейлері бет-жүзді бүркемелейтін киімдерге тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салатын жаңа заңнамалық нормаларды халыққа түсіндіру бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Еске сала кетсек, жаңа талаптар 12 шілдеден бастап күшіне енген.

Полицейлердің айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және азаматтарды құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде ар-ождан және діни сенім бостандығын сақтай отырып, еркін әрі кедергісіз сәйкестендіруді қамтамасыз ету.

Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларының түсіндіруінше, тыйым салу адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мәселен, маска немесе никаб сияқты киімдерге тыйым салынады. Ал бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира және өзге де бас киімдер аталған шектеуге жатпайды.

Сонымен қатар, бет-жүзді жабуға объективті себептер болған жағдайда шектеу қолданылмайды. Бұл – ауа райының қолайсыздығына, медициналық қажеттілікке, қызметтік міндеттерді орындауға немесе мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайлар.

Бұдан бөлек, кездесулер барысында полицейлер тұрғындарға өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары жөнінде, соның ішінде интернет-алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен одан қорғанудың жолдары туралы ескертіп өтуде.

                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1054455?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version