Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жағдайымен танысып, бірқатар жаңа инвестициялық жобаларды аралады.
Негізгі назар ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және ауылдағы жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған инвестициялық бастамаларға аударылды.
Мәселен, Жаңаарқа ауданында 2025 жылы құрылған «Ulytau Meat» ӘКК жобасы іске асырылуда. Кәсіпорын 6 мың басқа дейін ірі қара мал өсіруге, оны өңдеп, вакуумдалған ет өнімдерін шығаруға бағытталған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге. Жоба аясында 12,9 мың қойды өсіру де жоспарланған. Сондай-ақ асыл тұқымды мал сатып алу, малшыларға арналған тұрғын үй салу, мал қораларын тұрғызу, құдық қазу, электрмен жабдықтау және өз өндірісін іске қосу қарастырылған. Негізгі мақсат – дайын ет өнімдерін шығаратын өндірістік цикл құру.
Өңірдегі тағы бір маңызды жоба – 2015 жылы құрылған «Мирас» шаруа қожалығы. Қожалық мал азығын өндірумен және герефорд тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысады. Ол үшін түркиялық Atlantis компаниясының заманауи айналмалы суару қондырғыларын қолдануда. 2 688 га ауыл шаруашылығы жерінің 350 га суармалы егіншілікке ауыстырылған. «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы аясында қожалық 239,7 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алған. Бүгінде 167 гектарға суару жүйесі орнатылып, инфрақұрылым жүргізіліп, сынамалық суару іске қосылды. Тамыз айының соңына дейін нысанды толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өңірде құс шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Ахтямов Р.» ШҚ құс фабрикасының өндірістік қуаттылығы тәулігіне 50 мың жұмыртқаға дейін жетеді. Жобаның іске асуы облыс тұрғындарын қолжетімді жұмыртқа өнімімен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар көршілес өңірлерге жеткізуді де ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мұндай жобалардың жүзеге асуы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға жол ашады.
АШМ агроөнеркәсіптік кешенді әрі қарай да жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау және инфрақұрылымды дамыту тетіктері арқылы қолдайтын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1055412?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау