Казталов ауданында дәстүрлі тамыз кеңесі аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы: тәжірибе мен идеялар» атты директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілерінің шығармашылық алаңы өтті. Жиынға облыстың әр ауданынан келген педагогтер бас қосып, жаңа оқу жылына арналған тың бағыттарды бірлесе айқындады.
Секция жұмысы барысында ұстаздар қауымына ауданымыз бойынша 2024–2025 оқу жылының қорытындысына арналған бейнеролик көрсетілді. Онда педагогтердің шығармашылық ізденісі мен бірлескен еңбегінің нәтижелері қамтылды.
Секцияда аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы Қайрлиев, -Жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында дәстүрлі тамыз конференциясында бас қосып отырмыз. Бұл жиын – өткен жылға қорытынды жасап, жаңа міндеттерді айқындайтын маңызды алаң.
Ауданымызда 55 білім беру ұйымы бар: 35 мектеп (оның ішінде 20 орта, 8 негізгі, 7 бастауыш, 11 интернат), 16 мектепке дейінгі ұйым және 4 қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді. 2024–2025 оқу жылын 5338 оқушы аяқтап, білім сапасы 68%-ға жетті. Бұл – ұстаздардың еңбегінің айқын нәтижесі.
Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Сондықтан біз білім сапасымен бірге тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса назар аударуымыз қажет.
Аудан әкімдігінің қолдауымен дарынды балалар мен олардың жетекшілері марапатталуда. «Мен оқыған 30 кітап» жобасы дәстүрге айналып, биыл облыстық деңгейде өтпек. Сондай-ақ Қоныс негізгі мектебінің құрылысы жүріп жатыр, Қараөзен мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Мемлекет басшысы атап өткендей, бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі зор, ал мектеп ата-анамен жұмысты күшейтуі тиіс. Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие – басты бағдарымыз.Алдағы міндет – сапалы білімге қолайлы жағдай жасап, елжанды, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру.
Құрметті әріптестер!
Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге алғыс айтамын, жаңа оқу жылында табыс тілеймін!, -деді өз сөзінде.
Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің басшысыиСамал Қанапияқызы, сондай-ақ облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Гүлзина Сүлешқызы Серікқалиева білім саласының жетістіктерін атап, жаңа оқу жылындағы жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл бағыттағы тәжірибемен Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің әдіскері Жанат Жұмагерейқызы Жонқарбаева және Жалпақтал аграрлық-технологиялық колледжінің кәсіби бағдар ұйымдастырушысы Данияр Қайратұлы Қайратов бөлісті.
«Адал азамат – кәсіби маман» қағидаты жас ұрпақты адалдыққа, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеудің негізі екені атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыс тәжірибесін Орал қаласындағы №37 мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Байбуриевна Бисенғалиева ұсынды.
Секция барысында білім беру ісінде үздік нәтижелер көрсеткен ұстаздар Алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын соңында ұстаздар мен оқушылардың өнеріне құрылған концерттік бағдарлама ұсынылды. «Шаттық» би тобының мың бұралған биі, «Домбырашылар» ансамблінің ұлттық рухты көтерген күйлері, шәкірттердің ұстазға арнаған әндері мен жас ұстаздардың «Жас Абай» қойылымынан үзіндісі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі мен «Күншуақ» балалар хорының орындауындағы әндер залды рухани тереңдікке бөледі.
Секция жұмысы ұстаздардың кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, алдағы оқу жылындағы тәрбие ісінің басымдықтарын айқындауға жол ашты. Жиын соңында Казталов ауданы атынан естелік сыйлықтар табысталып, ұстаздарға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіленді.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау