Жетісу облысының Үштөбе қаласындағы орталық саябақ алдағы екі жылда жаңғыртылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысы Үштөбе қаласындағы орталық саябақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында алдағы екі жылда жөнделіп, жаңа кейіпке енеді. Бұл туралы Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуден бұрын  өңір басшысы Үштөбе қаласындағы орталық парктің қазіргі жағдайымен танысты. Бұл нысанға 2012 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Тек жуырда жаңаланғаны – 3 теннис үстелі мен 2 шахмат-дойбы үстелі қойылған, сахнаның бүлінген жерлері қалпына келтіріліп, 700-ге жуық шаған мен қарағаш егілген. Саябақтың жалпы аумағы 6,6 га.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының аясында орталық саябаққа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Осы жұмыстың жобалық-сметалық құжаттарын жасауды тапсырамын. Яғни алдағы екі жылда нысанды жаңа кейіпке келтіріп, ел игілігіне беруіміз керек. Гүлзар егіп, ағаш отырғызып, көгалдандыру қажет. Ең бастысы оған тамшылатып суару жүйесін орнату қолға алынады. Парктің іші заман талабына сай жаңартылады, сосын оны күтіп ұстау маңызды. «Таза Қазақстан» тек айналаны тазалап, ағаш егу ғана емес, ең алдымен менің елім – менің қалам – менің көшем – менің аулам деген ұғымдардың бірлігін терең ұғынатындай әрбір азаматтың санасындағы тазалық, ішкі дүниесіндегі өзгеріс болуы керек, – деді Бейбіт Исабаев халықпен кездесудегі сөзінде. Бұл ретте жобада кіреберіс аркадан бастап, әткеншектерді жөндеу, балалар ойын алаңдарын жаңарту, суару жүйесін жасауға дейінгі басқа да жаңғырту, абаттандыру жұмыстары түгелдей қамтылатын болады.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы Үштөбедегі «Көкдала» жаңа шағын ауданын абаттандыруға да оң ықпал етпек. Осы күні облыс әкімі аталған шағын ауданда да болды. Мұнда қазір 155 тұрғын үй салынса, оның 125-і соңғы үш жылда тұрғызылған. Соның ішінде биыл құрылысы басталған 50 үйдің 10-ы қолданысқа беруге дайын, ал 40-ының құрылысы жалғасуда. Бұл баспаналар кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұнда ағаштар егіліп, балалар ойын және спорт алаңдары салынған, ауыз су жүйесі тартылған, газ жеткізу де алдағы жоспарда бар. Қазір көшелер жарықтандырылып, тротуар төселуде.

Тек көзге оғаш көрінгені – мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып отырғанына қарамастан, кейбір аулалардың арамшөп қаулап өсіп, қараусыз күйде жатқаны байқалады. Бұл ретте облыс басшысы тұрғындарға жаңа шағын ауданның ажарына, көшенің көркем кейпіне сай аулаларын күтіп ұстап, көгалдандыруға мән беру керектігі жайлы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айтты.

Мәселен, ауласын таза әрі ұқыпты ұстап, көгалдандыруға ден қойған тұрғындардың бірі – Қорлан Кешілбаева.

– Өзім балалар Үштөбедегі балалар үйінде ұзақ жыл жұмыс істедім. Балалар үйі таратылғаннан кейін отбасылық балалар үйін ашып, 7 баланы асырап алдым. Жолдасым екеуміз өзіміздің үш баламызбен қоса 10 баланы өсіріп, жеткіздік. Олардың алды үйленіп, жеке шаңырақ көтерді. Қазір қолымызда 4 баламыз бар. Үкіметтен жаңа, жайлы үй алғанымызға екі жылдай болды. Жарық, су, жол – бәрі жасалды. Енді жаңа үйді күтіп-баптап, айналаны көгалдандыруға мән беріп жатырмыз. Бұл іске өзіміз бас болып, балаларды да жұмылдырамыз, еңбекқорлыққа баулимыз. Қазір ауламызға алма ағаштарын, шырша, боз арша ектік. Бұл жердің топырағы сортаң, дегенмен құнарлы топырақ төгіп, ағаш, гүл, бақша егіп қараса, маңайды көгалдандыруға болады. Көрші жас отбасыларға да көк желек өсіру керек екенін, бау-бақша күтіміне қатысты ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз, – дейді Қ. Кешілбаева.

Ал Бижановтар отбасының бұл үйге көшіп келгеніне төрт жыл болған.

– Алғашында бұл жерге мен қара топырақ тасыдым, әйелім Әсел гүл екті. Сөйтіп есігіміздің алдын гүлдендіріп, қазір жыл сайын егеміз. Алты баламыз бар. Алғаш келгенде балалар кішкентай болды, гүлдерді жұлып тастайтын, қазір есейіп қалды, шешелеріне көмектесіп, гүлге шелекпен су құйып, күтіп-баптайды, – дейді Рүстем Бижанов.

Қаратал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне қарағанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көктемгі мерзімде «Көкдала» шағын ауданына 1100 түп ағаш отырғызылған.

– Қазір жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Резервуарлар таңертең және кешке – екі уақыт автоматты түрде қосылып тұрады. Қазір жаңа шағын ауданда 120 отбасы тұрады. Аулаларын көгалдандыру тұрғындардың өз жауапкершілігінде, – деді бөлім басшысы Талғат Уалиев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal/press/news/details/1055364?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version