Облыс әкімі Берік Уәли Озерки ауылында салынып жатқан ағаш өңдеу комбинатының құрылысымен танысты.
Индустриялық-инвестициялық жобаның жалпы аумағы 52 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны – 9 миллиард, 580 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында басталған. Комбинат 2026 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда нысанда 50 адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Өндіріс орны іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Кәсіпорынның негізгі өнімі ағаш-жоңқалы плитасы (АЖП), ламинатталған ағаш-жоңқалы плитасы (ЛАЖП), түйіршіктер (пеллет) және OSB (ориентирленген жоңқалы тақта) болады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде өңірде жаңа өндіріс орны ашылып, жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындары құрылады. Сонымен қатар, облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, ағаш өнімдері экспортына жол ашады.
Облыс әкімі құрылыс басында инвесторлармен кездесіп, жобаның өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бұл жерде орман да, ағаш та, шикізат та бар. Өнім өндіруге қолайлы. Жаңадан құрылған Абай облысы шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс істеуге дайын. Жоба жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, өнімдерді саудалауға жол ашады. Инвесторларға көмектесеміз. Осындай бірлескен жобаларды жүзеге асыра беріңіздер. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтуға да болады. Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі», – деді аймақ басшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1055792?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау