Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтаған Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушыларын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы қатысты.
Қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен жоғары кәсіби шеберлігі мен жанқиярлығы үшін құтқарушыларға алғыс хаттар табыс етілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің алғыс хатымен 5 құтқарушы, ал Қызылорда облысының әкімі атынан 16 құтқарушы марапатталды.
4 шілдеден бастап еліміздің 19 өңірінен келген ТЖМ күштері мен құралдары қиын жағдайда жұмыс істеді. Олар Сырдария өзеніндегі су деңгейінің және топырақ ылғалдылығының күрт төмендеуі аясында ауыл шаруашылығы алқаптарына су жеткізу мәселесін шешумен айналысты. Жалпы ТЖМ 139 қызметкері, 35 бірлік техникасы мен 25 жылжымалы сорғы станциясы жұмылдырылды.
Жұмыстар тәулік бойы, екі ауысымда жүргізілді. Құтқарушылар Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қазалы және Жаңақорған аудандарындағы 19 учаскеде қызмет атқарды.
Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде 25 743 077 м³ су айдалып, облыстың бес ауданындағы егіс алқаптарын дер кезінде суару қамтамасыз етілді.
Жеке құрам тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз етілді. Ауыр далалық жағдайға қарамастан, құтқарушылар жоғары дайындық деңгейін, төзімділік пен өз істеріне адалдықты көрсетті.
Құтқарушылардың бұл жұмысы егінді сақтауға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлес болды.
Төтенше жағдайлар министрлігі өз міндетін тек төтенше жағдайларды жоюмен ғана шектемей, климаттық сынақтар жағдайында елдің стратегиялық маңызды салаларын қорғауда да шешуші рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1055844?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау