Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «JetFlow» онкүндігі аясында «Таза Қазақстан» тақырыбында жастар арасында ауқымды пікірсайыс өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық сана-сезімін арттырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайту. Пікірсайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге терең әсер қалдырды. Жетісу облысының қала-аудандарынан жиналған 70-ке жуық жас пікірсайысшы өзара білім мен шешендік қабілеттерін ортаға салып, өзекті тақырыптарды талқылады. Әр команда екі адамнан құралған «Жақтау» және «Қарсы» топтарға бөлініп, Елбасының: «Экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау – басты міндеттің бірі. Бізге ұлттық деңгейдегі экологиялық сана-сезім қажет» деген үндеуін арқау етіп, еліміздегі экологиялық мәселелер, қалдықтарды сұрыптау мәдениеті, жастардың экологиялық жауапкершілігі мен «таза орта – салауатты болашақ» идеясын жан-жақты саралады. Іс-шара соңында кәсіби төрешілердің әділ шешімімен үздік командалар анықталып, жүлделі орындар мен алғыс хаттар табысталды. Шара барысында «Jetisy jastary» КММ-нің «Taldykorgan jastary» филиалының жетекшісі Ауел Алишер қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдіріп, жастардың белсенділігіне жоғары баға берді: – Бүгінгі пікірсайыста табиғатты қорғау – тек ұран емес, өмірлік ұстаным екенін жастар дәлелдеді деп сенемін. Қоршаған ортаны сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. “Таза Қазақстан” идеясы әрбір жастың жүрегінде берік орнығып, күнделікті әрекетіне айналуы керек. Өз ойларыңызды ашық білдіріп, ел болашағына бейжай қарамай, белсенді азамат болуға шақырамын!, – деді ол. Бұл пікірсайыс – жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Болашағы жарқын, табиғаты таза Қазақстанды бірге құрайық!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-comdev/press/news/details/1055836?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау