Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүргізілген нысандар мен жолдардың сапасы қаралды. Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров пен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев баяндады.
Тамыз айының басынан бері мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары облыс аумағында жоспарлы мониторинг жүргізіп келеді. Тексеру жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы негізінде ұйымдастырылды.
Мониторинг қорытындысы бойынша облыстың 9 ауданындағы 83 нысан қамтылды. Оның ішінде 52-сі жаңа құрылыс, 18-і күрделі жөндеу, 6-уы қайта жаңғырту, 7-еуі орташа жөндеу нысандары. Тексерілген нысандардың басым бөлігінде бастапқы құжаттардың толық болмауы, еңбекті қорғау жөніндегі бұйрықтардың жоқтығы және құрылыс технологияларының сақталмауы секілді құрылыс заңнамасын бұзу фактілері анықталды.
Мониторинг барысында облысқа тән ортақ мәселе білікті мамандардың тапшылығы екені белгілі болды. Мемлекеттік тапсырыс беруші органдарда жобалық-сметалық құжаттаманы жіті қарап, сапалы қабылдай алатын маман тапшы. Соның салдарынан құрылыс барысында жобаларға жиі өзгерістер енгізіледі. Құқық бұзушылықтар тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен инженерлік инфрақұрылым жобаларында да тіркелді.
Облыс әкімі отырыста бірінші орынбасары Ербол Садыр мен салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке құрылыс пен жол сапасына бақылауды күшейтуді, жұмыс кестесін және құрылыс монтаждау нормаларын өрескел бұзған бас мердігерлермен келісім шарттарды тоқтатуды, құрылыс нысандарындағы нормативтерді, сапаны және жұмыс кестесінің орындалуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керегін айтты. Сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет екенін атап өткен болатын. Облыстағы құрылыс сапасының шынайы жағдайын анықтау мақсатында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына өңірдегі құрылыс нысандарының сапасына бақылау жүргізіп, баяндау туралы тапсырма берген болатынмын. Мемлекет қаражатын тиімді игеруіміз керек. Сондықтан жауапсыз мердігерлермен жұмысты күшейтіп, заң аясында нақты талап қоямыз. Бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары бақылауымызда болады» деді аймақ басшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1056250?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау