Аймақ басшысы Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Махамбетке жұмыс сапары аясында аудан халқымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады.

Өңір басшысы білім беру саласына ерекше тоқталып, оның аудан үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Қызылүй мен Сарайшық ауылдарындағы орта мектептерде реновация жүргізілуде. Қызылүй мен Еңбекшідегі мектептерде жаңа пәндік кабинеттер жасақталып, жаңартылу үстінде. Бұдан бөлек, “Көктем гүлі”(Жалғансай) және “Жауқазын” балабақшаларында күрделі жөндеу жүріп жатыр.

– Біздің мақсатымыз – әр ауылда балалардың заманға лайық сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау. Сондықтан мектептерді жаңғырту және балабақшаларды жөндеу жұмыстары жүйелі жалғасын табады, – деп атап өтті С. Шәпкенов.

Денсаулық сақтау саласы да басты назарда. Биыл ауданға 4 жедел жәрдем көлігі бөлініп, Аққайың ауылында медициналық пункт салынды. Алдағы үш жылда (2026–2029 жж.) Бейбарыс пен Таңдай ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Мәдениет пен спорт саласында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сарытоғай ауылында 200 орындық мәдениет үйі ашылды. Жыл аяғына қарай Таңдай ауылындағы 150 орындық спорт кешенінің құрылысы тәмәмдалады. Ортақшыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, ал Сарайшық ауылында спорт кешені құрылысының жобасы әзірленді.

Баспанамен қамту мәселесі тұрғындар үшін әлі де өзекті. Биыл Махамбет ауылында апатты үйлерде тұратын 21 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталмақ. Жыл аяғына дейін 60 пәтерлі тұрғын үйді салып бітіру жоспарланған.

Көлік инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Автожолдар желісін дамыту шеңберінде 11 жоба іске асырылуда. Бүгінде Махамбет, Талдыкөл және Ақтоғай ауылдарындағы жолдар жөнделіп, пайдалануға берілді. Басқа елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Облыс әкімі кездесуде халықпен еркін диалог орнатып, ұсыныс-тілектерді тыңдады. Содан соң Махамбет ауданының тұрғындарын жеке мәселелер бойынша қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1056575?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version