ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының м.а. Қ.Сеитбатталдың төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Басқосу жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) себептерін зерделеу және өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыру шараларына арналды.
Күн тәртібінде құқыққорғау, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ЖКО санының өсуі, олардың негізгі себептері мен аса қауіпті учаскелер туралы статистикалық мәліметтерді талқылады. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің бұған дейінгі хаттамалық тапсырмалары мен профилактикалық шаралардың орындалу барысы қаралды.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қатысушылар апаттар санын азайту, білім беру мекемелерінің маңында қосымша жол белгілері мен жарықтандыру орнату, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін көтерді.
Отырыс барысында Ақтөбе облысының геокартасын жаңарту жұмыстарының толық аяқталуына байланысты бұл мәселе жабылғаны хабарланды. Сонымен қатар ЖКО бойынша электрондық схемалардың есебін жүргізу және медициналық куәландыруға арналған электрондық жолдамалар енгізу мәселелері қаралып, процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында қатысушыларға облыс жолдарындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы шараларды жалғастыру тапсырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1055956?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау