Күзгі кезең – дәстүр бойынша көкөністер мен жемістер, саңырауқұлақтар мен жидектерді жинау кезі. Бұл әртүрлі джемдер, тосап, компот, көкөністер мен саңырауқұлақтар, салаттарды консервілеу, жабу уақыты. Үйде консервілеуді кезінде аурудың дамуына көбінесе үй жағдайында сапасыз дайындалған тағамдар себеп болатындығын есте ұстаған жөн.
Ботулизм – Clostridium botulinum бактериясы бөлетін токсиннің тағамда жиналуынан туындайтын, сирек кездесетін, ауыр ағымды, жедел жұқпалы ауру.
Ботилинум токсині ең ауыр табиғи удың бірі. Ауру адамнан адамға берілмейді. Ботулизм қоздырғыштары топырақта, көңде, жемістер мен көкөністерде, балықта кездеседі.
Осылайша, ботулизм термиялық өңдеуден жеткіліксіз өткен және оттегі аз жағдайда сақталған тағамдарда көбейіп, Clostridium botulinum-ның өршуі үшін қолайлы орта болып есептеледі. Мұндай өнімдерге үйде дайындалған консервілер (қияр, қызанақ, көкөніс салаттары, саңырауқұлақтар және т.б.) жатады.
Бактерия, спора күйінде токсин шығара алмайды, алайда, қолайлы жағдайларда (атап айтқанда оттегінің жетіспеушілігі, қолайлы температура және қоректік ортада) споралар өніп, бактериялар белсенді түрде көбейіп, ботулинум токсинін шығара бастайды. Консервіленген тағамдарда ботулинум токсиндері бірнеше жыл бойы сақталуы мүмкін. Олар қышқыл ортада төзімді, ас тұзының жоғары концентрациясына оңай төтеп бере алады.
Сонымен қатар, тамақ өнімдерінде ботулинум токсинінің болуы олардың дәміне әсер етпейтінін білу керек. Консервідегі ботулизмнің негізгі белгісі – ол банка қақпағының көтеріліп ісінгені және көпіршіктердің пайда болуы. Сондықтан, ботулизм токсиндері бар консервіленген тағамдарды жеген кез-келген адам ауырып қалуы мүмкін.
Ботулизмнің инкубациялық кезеңі аурудың ауырлығына, адам ағзасына түскен токсиннің мөлшеріне байланысты бірнеше сағаттан, бірнеші күнге дейін созылады.
Ауру күрт басталады: алғашқы 2-3 сағатта – әлсіздік, бұлшықеттің айқын әлсіздігі, бас ауруы, бастың айналуы, ауыздың құрғауы, шөлдеу, іштің ауыруы, құсу, температура болады. Әрі қарай, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, көру қабілетінің бұзылуы, көз алдында тұман пайда болады, қосарланған көру, қабақтың бір немесе екі жағының түсуі сияқты белгілер қосылады. Ең маңызды белгі – ол тыныс алудың бұзылуы, науқас кеудесінде ауа жетіспей, ауырлықты сезінеді. Бұл токсиннің тыныс алу бұлшықеттеріне параличтік әсер етуінен туындайды. Егер шұғыл медициналық көмек болмаса, өлімге әкелуі де мүмкін.
Ботулизм жағдайлары негізінен үйде дайындалған консервілермен уланумен байланысты болғандықтан, оларды дайындау кезінде, Департамент келесідей алдын алу шараларын сақтауды ұсынады:
– өнімдерді, көкөністерді, саңырауқұлақтарды шаң мен кірден мұқият тазалап, топырақ бөлшектерін алып тастау;
– ұзақ уақыт бойы сақталған, піскен, бүлінген көкөністер, жемістер, жидектер мен саңырауқұлақтарды сақтауға болмайды;
– банкаларды, қақпақтарды зарарсыздандыру ережелерін және үйде өнімдерді термиялық өңдеу режимін қатаң сақтау;
– бомбажды (ісінген) банкаларды жою;
– консервілерді жемес бұрын оларды қайнатып, қуыру;
– үйде консервіленген өнімдерді (көкөніс, балық, саңырауқұлақ), кептірілген, тұздалған, ысталған ет, балық өнімдерін кездейсоқ адамдардан (қолдан), рұқсат етілмеген сауда орындарынан, жеке адамдардан сатып алудан бас тарту, бұл қауіпті болуы мүмкін;
– үйде консервіленген өнімдерді тоңазытқышта немесе суық жерде сақтау керек.
Ботулизмнің алдын-алудың дұрыс жолы – тамаққа тек өнеркәсіптік консервілерді қолдану.
Егер Сіз ботулизмнің кем дегенде бір симптомын байқасаңыз, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну керек. Бұл жағдайда, уақтылы көмек науқастың тез сауығумен тікелей байланысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1055929?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау