Оқу жылының қарсаңында жыл сайын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісу – игі дәстүр. Жылдар бойы дәстүрге айналған тамыз кеңесі өткен оқу жылына терең талдау жасап, өзекті мәселелерді анықтауға, жаңа оқу жылына жаңа міндеттер қоюға мүмкіндіктер береді. Қазіргі таңда жас ұрпақ тәрбиесіне, сапалы да заманауи білім алуына барынша жағдай жасалып, білім беру ісіне айрықша назар аударылып келеді. Балалардың сапалы білім алуына, олардың жоғары жетістіктерге жетуіне жан-жақты жағдайлар жасалуда.
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде аудандағы білім саласы қызметкерлерінің жаңа оқу жылының басталуына арналған «Адал азамат – кәсіби маман» тақырыбында тамыз кеңесі өтті.
Шараға Сарысу ауданының әкімі Сакен Мамытов, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдары, бірқатар мекемелер қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының білім саласы қызметкерлеріне арналған арнайы бейне құттықтауы, білім беру жүйесіндегі жетістіктер жөнінде бейнебаян көрсетіліп, аудандық білім бөлімінің басшысы, бірқатар мектеп директорлары мен ұстаздар баяндама жасады.
Мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп, ауданның білім саласына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін білім беру мекемелерінің бірқатар қызметкерлерін Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.
Шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Білім мен тәрбиенің ордасы, жас жеткіншектердің тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап жүрген – аяулы ұстаздар еңбегі әрқашанда айрықша алғысқа, шынайы құрметке лайықты. Қай кез, қандай заман болмасын ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар, айтылар тілек те, қойылар талап та көп. Еліміздің болашағы – білімді, зерделі жастардың қолында. Қазіргі білім мазмұнының жаңарған кезеңінде оны тәрбиемен жаңаша ұштастырып, сапасын көтеру – ұстаздарға жүктелген абыройлы міндет. Ұстаздарымыздың беделдері биік, жаңа оқу жылы жемісті болсын.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-sarysu/press/news/details/1056357?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау