Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізумен шектелмейді. Бұл бағыттағы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби және тұлғалық болмысын жетілдіру. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан терең жауапкершілікті, шынайы ынта-жігер мен адал ниетті талап етеді.
Бүгінде қоғамымыз мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүддеге әділ әрі адал қызмет етуді, өз білімін, тәжірибесін және күш-жігерін Отанымыздың өркендеуіне жұмсауды күтеді. Осындай биік талапқа сай қызмет етіп жүрген тұлғалардың бірі – Ажигалиева Гүлшат Бақтыбайқызы.
Гүлшат Бақтыбайқызы – кәсіби тәжірибесі мол, адамгершілік қасиеттері жоғары, тұлғалық болмысы арқылы өзгелерге үлгі бола білген мемлекеттік қызметші. Ол өзінің саналы ғұмырының 30 жылын медицина саласындағы бақылау және қадағалау қызметіне арнаған.
Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін биология мамандығы, Қазақстан инновациялық телекоммуникациялық жүйелер университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен денсаулық сақтау магистрі академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1995 жылы Қызылқоға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық стансасында дәрігер-эпидемиологтың көмекшісі қызметінен бастаған. 2018 жылға дейін осы мекемеде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2017-2018 жылдары уақытша басқарма басшысы міндетін атқарушы, 2018-2022 жылдары Махамбет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, 2023 жылы Көліктегі Атырау бөлімшелік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында бөлім басшысы және басқарма басшысының міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.
Қазіргі уақытта Гүлшат Бақтыбайқызы – Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің медициналық қызметті бақылау бөлімінің басшысы.
Ол өзіне жүктелген міндеттерді адал және кәсіби деңгейде орындай отырып, әрбір шешімді заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып қабылдайды. Азаматтардың қажеттілігін түсіне білетін, жоғары моральдық жауапкершілігі қалыптасқан тұлға ретінде өз қызметінде зор сенім мен абыройға ие.
Гүлшат Бақтыбайқызы кәсіби білімімен елге пайда келтірумен қатар, адами қасиеттерімен де өзгелерге үлгі бола білген абыройлы мемлекеттік қызметші.
Сұлушаш Қуанғалиева, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-atyrau/press/news/details/1056212?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау