Қазақстанда жол құрылысына арналған 52 жаңа технология «жасыл» мәртебеге ие болды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда автожол құрылысына арналған 52 жаңа материал мен технология сынақтан сәтті өтіп, Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың Бірыңғай базасына (rcmbase.qazjolgzi.kz) енгізіліп, «жасыл» мәртебеге ие болды. Бұл олардың тиімділігі дәлелденіп, нақты жобаларда қолдануға рұқсат етілгенін көрсетеді.

«Қазіргі уақытта rcmbase.qazjolgzi.kz жүйесінде 188 жаңа технология тіркелген. Оның ішінде 52-сі «жасыл», 29-ы «сары», 101-і «сұр», ал 6-ы «көк» мәртебеге ие. «Жасыл» мәртебе – материалдың тиімділігі дәлелденіп, қолдануға ұсынылғанын көрсетеді. «Сары» мәртебе – нақты нысанда апробациядан өтіп жатқанын, «сұр» – зертханалық сынақтан өткенін, бірақ тәжірибелік учаскелерде әлі қолданылмағанын, ал «көк» – сынақ аяқталғанымен, материалдарды бағалайтын Техникалық кеңестің (материалдарды бағалайтын алқалы орган)  мақұлдауын алмағанын білдіреді», – деп хабарлады Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ).

2025 жылы нақты құрылыс нысандарында 13 жаңа инновация сынақтан өтті. Олардың арасында геотекстиль, сіңдіруге арналған қоспалар, герметиктер, полимерлік қоспалар, геоторлар, арамид талшықтары және көктайғаққа қарсы реагенттер бар. Жыл соңына дейін тағы шамамен 80 жаңа технологияны апробациядан өткізу жоспарланып отыр. Бұл жол саласында қолданылатын заманауи шешімдердің аясын едәуір кеңейтпек.

«Жасыл» мәртебе алған және нысандарда пайдалана бастаған технологиялардың қатарында лента мен сұйық резина бар. Олар «Алматы – Қорғас» тасжолы мен Астанадағы М3 көпірінде жіктерді герметизациялау және бетон негізін дайындау үшін қолданылды. Герметиктердің тиімділігі «Катонқарағай» әуежайында және Павлодардағы ұшу-қону жолағында дәлелденді. Түркістан облысында сіңдіру құрамдары асфальтбетонды қосымша қорғап, жол төсемінің қызмет ету мерзімін ұзартты.

«ҚазжолҒЗИ» мамандарының айтуынша, қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері де жол құрылысына белсенді түрде енгізілуде. Мысалы, «Мамлютка – Қостанай» учаскесінде жол негізін нығайту үшін топырақ тұрақтандырғыштар қолданылды. Ал «Жетібай – Шетпе» тасжолында асфальтбетон қоспасының физика-механикалық қасиеттерін жақсартатын модификаторлар пайдаланылды. Аталған технология жабынның температуралық ауытқуларға төзімділігін арттырып, ойық пен деформациялардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Барлық материалдар, олардың сынақ нәтижелері мен мәртебелері туралы ақпарат rcmbase.qazjolgzi.kz цифрлық платформасында қолжетімді. Бұл жүйе саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, озық тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді. Нәтижесінде қазақстандық жолдардың сапасы мен ұзақмерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1056344?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version