ШҚО-да полицейлер мен құтқарушылар жоғалған саңырауқұлақ терушілерді тапты
«112» қызметіне Риддер қаласының маңындағы «Березовая грива» орман алқабында адамдардың жоғалғаны туралы хабар түскен.
Белгілі болғандай, орманға саңырауқұлақ теруге барған үш адам — 62 және 41 жастағы әйелдер мен 9 жастағы қыз бала белгіленген уақытта туыстарымен кездесетін жерге оралмаған.
Оқиға орнына бірден Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен құралған іздестіру тобы жіберілді. Жұмысқа жаяу топтар, арнайы автокөлік пен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды.
Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде барлық азамат табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады. Әйелдер мен бала туыстарына тапсырылды.
Полиция азаматтарға орманға шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтауды, жолға шығар алдында бағытыңыз бен оралу уақытыңызды жақындарыңызға хабарлаңыз, көзге бірден түсетін ашық түсті киім киіңіз, толық қуатталған ұялы телефон, су және азық-түлік алу керек екенін ескертеді. Тек таныс жолмен жүріңіз, бейтаныс бағыттарға бармаңыз. Әсіресе балалармен жалғыз серуендеуден аулақ болыңыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1056136?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау