Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үрімші қаласында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязбен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту және өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.
Шыңжаң – Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста айрықша орын алатын өңір. Ол Қазақстанның төрт облысымен шектесіп, іскерлік орталықтың біріне айналған. 2024 жылдың өзінде Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы 20,5%-ға артып, рекордтық 22 миллиард АҚШ долларына жетті.
– Қытаймен серіктестікті біз саясат деңгейінде ғана емес, сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынас ретінде қабылдаймыз. Шыңжаң – Қазақстан үшін ерекше аймақ. Біз көршіміз, ортақ шекарамыз бар, халқымыз арасындағы байланыс тығыз. Сіздің басшылығыңызбен өңір дамып, экономика өсіп, жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқанын көріп отырмыз. Өткен жылы ШҰАА-мен арадағы тауар айналымы 22 миллиард долларға жетіп, тарихи межені бағындырды. Дегенмен біз бұдан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп сенемін. Тек көлемді ұлғайтумен шектелмей, сауда құрылымын әртараптандырып, жаңа тауарлар мен жобаларды іске қосуымыз қажет. Қазақстан бұған толық дайын. Біз тауар айналымы тек сандармен емес, нақты пайдасымен ерекшеленіп, шекараның екі жағындағы халыққа пайда әкелгенін қалаймыз, – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен ШҰАА арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың Жол картасын әзірлеу туралы уағдаластық болды. Бұл құжат тауар жеткізуді әртараптандыруға, шикізаттық емес экспортты дамытуға және өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Келіссөздер барысында аграрлық өнімдерге де ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, 2024 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің Қытайға экспорты 10,5%-ға өсіп, 1,44 миллиард АҚШ долларын құраған. Экологиялық таза өнімдерге деген сұраныстың артуына байланысты Қазақстан астық, майлы дақылдар мен өңделген өнімдер жеткізілімін ұлғайтуға ниетті.
Тараптар өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін де көтерді. Бүгінде ШҰАА Қазақстанның облыстары мен қалаларымен бауырластық туралы келісімдер саны бойынша алдыңғы орында. Өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысын жандандыру және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың «Достық диалогы» форматындағы тәжірибесін жалғастыру ұсынылды.
Кездесу соңында тараптар сауда және инвестиция салаларындағы әріптестікті кеңейтуге бейілділігін тағы бір мәрте растады. Арман Шаққалиев Шыңжаң кәсіпкерлерін шикізатты қайта өңдеу, мұнай химиясы және металлургия салаларына инвестиция салуға шақырып, Қазақстан тарапынан заманауи инфрақұрылым мен салықтық жеңілдіктер ұсынылатындығын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1057056?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау