ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР ЖОЛЫНДАҒЫ «ОРДАБАСЫ» МАРАПАТТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ауданымыздың спорт саласындағы мерейін тағы бір биікке көтерген, әуесқойлар арасындағы облыстық чемпионатта жүлделі орын иеленген «Ордабасы» футбол командасын аудан басшылығы арнайы марапаттады.
Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков қатысты.
Шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшылардың еңбегіне жоғары баға берді.
«Ордабасы футбол командасының бұл жетістігі – ауданымыздағы спортты қолдаудың, жастарымыздың спортқа деген қызығушылығының, жүйелі еңбектің көрінісі. Біз алдағы уақытта да спортшыларымызға демеу көрсетіп, тұрақты жаттығу жасауға барлық жағдайды жасауға күш саламыз», – деді аудан басшысы.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаз командаға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұл – аудан басшылығының бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударатынын айғақтайтын нақты қадам.
Өз кезегінде футболшылар да өз қуаныштарымен бөлісіп, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді. «Бұл жетістік – көп жылғы еңбектің, ауызбіршілік пен жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының жемісі», «Бұл – біз үшін үлкен мотивация. Әлі талай белестерді бағындырамыз. Қолдауларыңыз алдағы үлкен жеңістерге жол ашады» деді команда капитаны мен ойыншылары.
«Ордабасы» футбол командасы жергілікті жастар мен спорт жанашырларының бастамасымен құрылған болатын. Алғашқы жылдары аудандық деңгейде өнер көрсеткен команда, аз уақыт ішінде облыс көлемінде танымал бола бастады.
Команда құрамында негізінен ауданның талантты жастары ойнайды. Жергілікті мектеп түлектері мен колледж студенттері команда сапында тәжірибе жинақтап, кәсіби спортқа қадам жасауда. Жаттықтырушылар құрамы да білікті мамандардан жасақталған. Соңғы үш жыл ішінде команда бірнеше ауданаралық және облыстық турнирлерге қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Жаттығу үдерісі қазіргі таңда аудан орталығындағы спорт кешенінде өтеді. Команданың басты мақсаты – ел абыройын асқақтату, жастарды салауатты өмір салтына баулу, спортқа деген қызығушылығын арттыру.
«Ордабасы» футбол командасының бұл жеңісі – тек спорттық көрсеткіш қана емес, ауданның әлеуетін танытатын үлкен жетістік. Аудан басшылығының қолдауы мен халықтың сенімі алдағы уақытта жаңа белестерге жетелейтіні анық.
Ордабасы футболының болашағы жарқын. Бұл тек бастамасы ғана!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1058360?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version