ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕК – ӨШПЕС ШАМШЫРАҚ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
28 тамыз – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, қазақ мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібектің туған күні.
Өзбекәлі Жәнібек – ел тарихында өшпес із қалдырған аса ірі тұлға. Ол тек мемлекет қайраткері ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің жанашыры, музей ісінің дамуына, қазақтың киім үлгілері мен өнерін (ән, би, сәулет) зерттеуге өлшеусіз еңбек сіңірген этнограф еді. Өзбекәлі есімі Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров сынды ұлт мәдениетінің алпауыттарымен қатар аталады.
Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен айтқанда, ол – «қалың қазақтың Өзбекәлісіне» айналған жан. Ал Әбіш Кекілбайұлы «рух сардары» десе, Мұхтар Шаханов «бүтін болмысы ұлттық рухпен тыныстаған азамат» деп бағалады. Шерхан Мұртаза болса, оны кеңестік жүйенің қатаң саясатын да ұлт игілігіне жарата білген қайраткер деп атады.
Өзекең – тағдырдың қиындығына мойымай, жетімдік пен қытымыр заманның сынағына төтеп беріп, халыққа адал қызмет еткен өршіл қайраткер. Ол ешқашан алаш баласын алаламай, жастарға қамқор болып, ұлттық санаға жаңа серпін берген тәлімгер болды. Өзіне қағажу көрсетілген кездер де аз болмады, бірақ ол кісілік болмысынан, әділдіктен айныған жоқ.
Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Біреудің бағы – тірісінде, біреудің бағы – өлісінде» деген. Бұл сөз дәл Өзбекәлі Жәнібекке қарата айтылғандай. Ақиқатты тайсалмай айтқаны үшін кейде қарғыс естісе де, ақтық демі қалғанша халқына адалдық танытқан ол бүгінде халық жадында абыройлы, мәңгілік тұлға болып қала берді.
Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, Өзбекәлі Жәнібектің ғұмыры Фараби, Арыстан баб, Әзірет Сұлтан сынды киелі тұлғалардың жолын жалғағандай, ұлт рухының шамшырағына айналды. Артында өшпес өнеге, сөнбес шырақ, байтақ мұра қалдырды.
Қорыта айтқанда, Өзбекәлі Жәнібек – «өлдім деп өшетін емес, күн санап өсетін тұмар-тұлға». Оның ғибратқа толы ғұмыры бізге адалдық пен ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісін ұғындырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1058520?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version