“ҚАЙРАТТЫ” ҚАРСЫ АЛ, UEFA!

Жарияланды:

Автор:

категорияда
“ҚАЙРАТТЫ” ҚАРСЫ АЛ, UEFA!
Осы аптаның, мүмкін осы жылдың ең басты спорттық оқиғасы – алматылық “Қайрат” клубының шотландиялық “Селтик” клубын жеңіп, чемпиондар лигасына жолдама алуы.
Екі клуб арасындағы бірінші матч Глазго қаласында, «Селтиктің» алаңында өткен болатын. Сыртқы алаңда алматылықтар қарсыластарға дес бермей, ойын 0:0 есебімен аяқталған. Осыдан – ақ, жанкүйерлер Алатау баурайында өтетін қарымта матчтың “ыстық” болатынын болжады.
Бірақ, “Қайрат” өз алаңында салқынқанды ойнады, трибунаны кернеген қиқуларды “сарыала жейделілер” сабырлы қабылдады. Айқайлағанға алқынып шауып, қырамыз – жоямыз деп жұлқынбады. Сауатты әрі сақ қимылдады. Сол сабыр ақыры “Селтикті” жарыс жолынан қалдырды. “Қайрат” UEFA – ның іріктеу кезеңінен өтті. Арғы жақта – аты аңыз клубтармен допқа таласады.
“Сабыр түбі – сары алтын” десек, сабырлы ойынның соңында жарқыраған алтын – Темірлан Анарбеков шығар. Ойын кезінде қарсыластардың небір жойқын соққысын тойтарған “темірқақпа” Темірлан пенальти сериясында да доптың бағытын дәл тауып қағып, кәсіби шеберлік көрсетті. Темірлан бір рет қателескенде…
Сол ойында болған жерлесіміз, ойынды тікеле эфирден таратқан “QazSport” арнасының сайт редакторы Жасұлан Қаражанов әсерімен былай бөлісті:
– 120 минутқа созылған тартысты матч болды. Алаңдағы атмосфера ойыннан кейін тұтас Алматыға жайылды. Көшеде “Қайраттың” туын көтерген көліктер қаланың шуын көтеріп жатты. Еуропадағы футбол фанаттарының мәдениетін Қазақстан бір – ақ күнде меңгеріп кеткендей. “Селтик” – чемпиондар лигасында, еурокубоктарда ойнап жүрген, өзінің мектебі қалыптасқан азулы клуб. “Қайрат” өзінің тарихын қайта жазып, “Селтиктің” қақпасы арқылы әлем футболының алаңына өтіп барады. Алматылық клуб ағылшын премьер лигасы болсын, ла – лига не бундеслига болсын, жұлдызды клубтармен міндетті түрде кездеседі. Көрермендерге қызық көп! – дейді жерлесіміз Жасұлан.
Иә, “Қайраттың” “Селтикті” жеңуі – қазақ футболының емес, қазақ рухының тойы. “Қайрат” тек клуб емес, елдің үміті, намысы, болашаққа деген сенімі.
Жасұлан айтқан тағы бір қызық мәлімет – Қазақстан клубтарының Еуропа лигаларында өнер көрсетуіне бірден – бір себеп Орал қаласының географиялық тұрғыда кәрі құрлықтың “шапанының” шетін басып жатуы екен.
“Сырым елі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1058851?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version