Қарғалы ауданында 200 шақырымнан астам аудандық және облыстық маңызға ие жол жөнделуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың Қарғалы ауданына жұмыс сапары басталды. Сапар аясында аудан елді мекендерінде жүзеге асырылып жатқан жол жөндеу және инфрақұрылымдық жұмыстарды қарап шықты.

Петропавл ауылында әкімге Қарғалы және Абай көшелерінде аяқталған күрделі жол жөндеу жұмыстары таныстырылды. Жөндеуді мердігер ұйым – «DEN-Group Plus» ЖШС 337,6 млн теңгеге атқарды. Жолдың жалпы ұзындығы – 2,9 шақырым. Жоба мерзімінде аяқталып, пайдалануға берілді. Еске салайық, аталған жолдың салынуын 2025 жылдың ақпан айында облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындары сұраған еді.

«Биыл 14 ақпанда ауылға келгеніңіз әлі есімде. Көктемгі су тасқынына қарсы шараларды қарадыңыз. Сол жүздескен кезде Абай және Қарғалы көшелеріне жол сұрадым. Көтерген мәселеге назар аударып, ақша бөліп, қолдағаныңызға рахмет. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ», – Петропавл ауылының тұрғыны Петр Лясото.

Сондай-ақ ауылда көше жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Мердігер «Еркен и К» ЖШС жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын 4 көшеге жарық шамдарын орнатты.

Әсіресе, Петропавл мен Хазірет ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар автожолды жөндеу – ерекше бақылауда. Жоба екі жылға есептелген. Биылғы жұмыстарға 484,2 млн теңге бөлінсе, 2026 жылы тағы 661,1 млн теңге қарастырылған. Жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Жөндеуді «АССАНА-ДорСтрой» ЖШС жүргізуде. Аталған учаскенің сапалы әрі уақытылы аяқталуы елді мекендер арасындағы көлік қолжетімділігін едәуір жақсартып, жол қауіпсіздігін арттырмақ.

«Бұл жол учаскесі жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды. Жұмыстарды сапалы әрі уақытында аяқтауымыз қажет. Адамдар күнделікті өмірінде нақты өзгерістерді сезінуі тиіс», – деді Асхат Шахаров.

Шәмші Қалдаяқов ауылында әкім Әбілқайыр хан көшесіндегі жол құрылысының барысымен танысты. «Invest Stroy Construction» ЖШС 1,5 км жолды ретке келтіруі тиіс. Жұмыстар жалғасуда.

Қос-Естек ауылында жалпы ұзындығы 3,53 шақырымды құрайтын жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 50% орындалған. Өңір басшысы мердігерден жұмыстың аяқталу мерзімі, пайдаланылатын материалдардың сапасы және қазіргі қарқыны жайлы егжей-тегжейлі сұрап білді.

Әкім Қонаев пен Абай көшелеріндегі көпірлерді қайта жаңғырту мәселесіне баса назар аударды. Ол жобалардың дайын екенін еске салып, мемлекеттік сараптамадан мерзімінде өту маңыздылығын алға тартты.

«Ауылдағы көпірлер – жай ғана инфрақұрылым емес, ол – халықтың қауіпсіздігі мен қолайлылығы. Жобалаудан бастап құрылысқа дейінгі барлық кезең бақылауда болуы тиіс», – деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ облыс әкімі «Дөң–Бадамша–Қайрақты» аудандық маңызы бар автожолының 0–8,6 км учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Мұнда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Асхат Шахаров аудандық жолдарды дұрыс жағдайда күтіп-ұстаудың маңызына тоқталды, себебі олар елді мекендерді байланыстырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ықпал етеді.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Ащылыcай ауылына барып, Каструбин, Панфилов, Бауыржан Момышұлы және Қазақстан көшелеріндегі орташа жөндеу нәтижелерімен танысты. Ол атқарылған жұмыстардың сапасын оң бағалап, ауылдық жерлердегі жол инфрақұрылымын әрі қарай дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.

«Ауылдағы көлік желісін дамыту – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Қолайлы әрі қауіпсіз жолдар – халықтың өмір сапасы, бизнестің жаңа мүмкіндіктері, өңірдің инвестициялық тартымдылығы», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров жауапты құрылымдарға барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді және олардың сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1058403?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version