КЕЛЕСТЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢАРУДА
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев демалыс күндері аудан аумағындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Абай ауылындағы Омаров және Сатпаев көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы салынып, су ағарлар орнатылуда. Қазіргі таңда құрылысқа кедергі келтіретін газ құбырлары мен электр бағаналарын көшіру жұмыстары жүргізілуде.
— Бұл жұмыстар жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес сапалы орындалуы тиіс. Қазан айында толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Жәнібек Есенұлы ауылдағы «Ер-Дәуіт» автобекетінің жағдайына да назар аударды. Ол нысанның сыртқы қасбетін ретке келтіріп, талапқа сай бірдейлендіру қажеттігін атап өтті. Әкім кәсіпкерге даму жоспарын дайындап, жергілікті атқарушы органмен келісе отырып ұсыныс енгізуді тапсырды.
— Автобекет – ауылдың келбеті. Сондықтан мұнда санитарлық тазалық пен тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек, – деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Біртілек ауылдық округіндегі Шұқырсай елді мекеніне барып, ондағы спорт алаңының жағдайымен танысты. Санитарлық тазалыққа баса назар аудару қажеттігін айтып, алдағы уақытта бұл аумақта жаңа заманауи спорт алаңы салынып, жастарға спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1076742?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау