Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу өткізді. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері талқыланды.
Асхат Шахаров мұндай кездесулердің атқарушы және заң шығарушы билік өкілдерінің күш-жігерін біріктіріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған маңызды алаң екенін атап өтті.
«Сіздер өңірдің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, бірқатар өндірістік нысандарды араладыңыздар, облыстың өндірістік әлеуетіне көз жеткіздіңіздер. Заңнамалық деңгейдегі қолдау біздің жобаларды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады. Ортақ жұмысымыз Ақтөбе облысының одан әрі өсуі мен тұрақты дамуына ықпал ететініне сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі атап өткендей, өңір өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы есебінен ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді және инвесторлар мен бизнес үшін тартымдылығын сақтап отыр. Алайда алдағы уақытта экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын ашу, білім мен медицинаның сапасын арттыру, ауылдарды қолдау сияқты міндеттерді жүйелі түрде шешу қажет.
Өз кезегінде сенаторлар өңірлік бастамаларға қажетті заңнамалық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Сенат депутаты Серік Шайдаров Сенат тарапынан көрсетілетін қолдау өңірлер үшін сенімді тірек әрі тұрақты дамудың кепілі екенін алға тартты.
«Мұндай сапарлар мен жергілікті билікпен ашық диалог мемлекеттік деңгейдегі заңдар мен бағдарламаларда көрініс табатын конструктивті шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Кездесу соңында облыс әкімі сенаторларға өңірге назар аударғандары үшін алғыс білдіріп, айтылған ұсыныстар мен ойлар Ақтөбе облысы тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа тиімді шешімдердің негізіне айналатынына сенім білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1082820?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау