Сауран ауданында «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Taza Qazaqstan» экологиялық road-эстафетасы өз мәресіне жетті. Эстафета аясындағы «Чемпиондық рух» атты таңғы жаттығу шарасы Шорнақ ауылындағы балалар саябағында өтті.
Іс-шараға аудан жастары мен тұрғындар қатысып, танымал спортшылармен бірге жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Қатысушылар қатарында жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының жүлдегері Ақбілек Құралбай, дзюдодан әлем чемпионы Ернұр Батырғали, ұлттық құраманың спортшысы Абдулазиз Абдулкаюмов және спорт шебері Қанат Рысбек болды.
Шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова, партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат депутаттары мен жастар қатысты.
Қалыйма Жантөреқызы өз сөзінде Сауранның ежелгі тарихына, рухани мұрасына тоқталып, тазалық пен адалдық – бір-бірімен ұштасқан ұғым екенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың белсенділігі мен бастамашылдығына ризашылығын білдірді. Жаттығу барысында спортшылар қатысушыларға жаттығу тәсілдерін көрсетіп, сергектік пен командалық рух сыйлады. Белсенділік танытқан жастар мен ауыл тұрғындарына ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Эстафета әрі қарай көне Сауран қалашығында «Вандализмге жол жоқ!» акциясымен жалғасты. Қатысушылар тарихи нысан аумағын және оған апаратын жол бойын тазалап, туристерге экологиялық мәдениет пен тарихи мұраның маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.
«Taza Qazaqstan» road-эстафетасының Түркістан облысындағы кезеңінің қорытындысын «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова жариялады. Оның айтуынша, өңірде өткізілген екі күн ішінде бес аудан мен Шымкент қаласы қамтылып, 40 тоннадан астам қоқыс жиналды. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру – жобаның басты мақсаты болды. Эстафета қорытындысында қатысушылар Қызылорда облысына аттанып, жол бойы тазалық пен бірлік үлгісін көрсетті.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау