Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қазақ спортының мақтанышы, ұлттық күш сайыстары бойынша бірнеше мәрте рекорд орнатқан жерлесіміз Азамат Мақұлбековті арнайы қабылдады. Кездесу ел абыройын асқақтатқан ер азаматтың еңбегіне құрмет ретінде ұйымдастырылды.
Азамат биыл Қыркүйек айында Алматыдағы әйгілі «Медеу» мұз айдынының 842 баспалдағына салмағы 100 келілік өгіз мүсінді 34 минут 28 секундта көтеріп шығып, КИнЭС–2025 Қазақстан рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді. Бұл — оған бұған дейін қосылған бірнеше ірі жетістіктің жалғасы.
Қабылдау кезінде қала әкімі Қайсар Маңқараев Азамат Мақұлбековтің табандылығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Ол чемпионның жетістіктері Арыстың ғана емес, ел рухын көтеріп, жастарға жігер беретінін айтты. Әкім Азаматтың ұлттық спортты насихаттап, жас ұрпаққа үлгі болып жүргенін атап өтіп, алдағы мақсаттарына жетуіне тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде Азамат Мақұлбеков жерлестерінің қолдауын әрдайым сезінетінін айтып, көрсетілген құрметке алғыс білдірді. Ол Арыстың атын алдағы уақытта да абыроймен таныта беруге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында чемпионға қала әкімінің атынан алғыс хат беріліп, демеушілер қолдауымен қаржылай сыйлық табысталды.
Айта кетейік, Бұған дейін жерлес спортшы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының «Алыптар сайысында» жеңімпаз атанып, халықаралық деңгейде ел мерейін үстем еткен еді. Сондай-ақ, 40 келілік қошқарды 3555 рет отырып-тұрып көтеру арқылы Қазақстан рекордтар кітабына енгені халық назарында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-arys/press/news/details/1087502?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау