Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында полиция майоры Қадырбек Исин 2025 жыл толық аяқталмай жатып, екі адамды құтқарып, жанқиярлық пен кәсібиліктің, шешім қабылдаудағы батылдықтың үлгісін көрсетті.
1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін елімізде республикалық «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның аясында учаскелік инспекторлар үйлер мен пәтерлерді аралап, полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуда. Көп жағдайда дәл осы офицерлер санаулы секундтарда алғашқы болып көмекке келеді.
Сәуір айында Қадырбек Исин Мамлютка қаласындағы Маяковский көшесінде түтінге толған үйден ер адамды алып шықты. 43 жастағы тұрғын шылымын өшірмей, ұйықтап қалған. Учаскелік инспектордың жылдам әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алынды.
Қыркүйек айының басында полиция майоры төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірге суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды. Балық аулау кезінде қайық аударылып, бала көлдің ортасына қарай кетіп қалған. Қадырбек Исин киімін шешіп, суық суға секіріп, жүз метрден астам жүзіп өтіп, жеткіншекке бірінші болып жетті. Оның батылдығы мен құтқарушылардың дер кезінде жетуі баланың өмірін сақтап қалды.
Екі жағдайда да полиция майоры өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқарды.
38 жастағы Қадырбек Исин – бес баланың әкесі. Ол өзін батыр деп санамайды: қызметтік міндеттердің тығыздығынан мұндай істер жайлы ойлануға да уақыты жоқ. «Біздің міндет – адамдарға көмектесу. Біреу қиындыққа тап болса, көп ойланбай әрекет ету керек», – дейді ол.
Оның пікірінше, бұл – мақтануға себеп емес, учаскелік инспекторлардың күнделікті қарқынды қызметінің бір бөлігі ғана. Қадырбек Исин сенеді: адамдарға қауіп төнген сәтте көмек көрсету – нағыз полицейдің жұмысы.
Қазір елордада Қадырбек Исинді ерлігі мен адал қызметі үшін марапаттау мәселесі қарастырылуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1087991?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау