Бүгін, 19 қазан күні, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі облыстық жедел штабтың басшысы Ербол Ізбергеновтың төрағалығымен Ақтау қаласындағы нысандарды аралау арқылы жүрмелі жиын өтті. Жиында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жүрмелі жиын барысында қала аумағындағы жылу желілерінде анықталған ақауларды жою бойынша атқарылып жатқан шаралар қаралды. Жауапты мекемелерге орын алған ақауларды жедел түрде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Бүгінде Ақтау қаласындағы жылу желілерінің 79 пайызының тозығы жетіп, толыққанды жөндеуді қажет етеді. Инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейінің жоғары болуы салдарынан жыл сайын қалада шамамен 1500-ге жуық апаттық жағдай тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сумен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуге елеулі кері әсерін тигізуде.
Аталған түйткілді жүйелі шешу мақсатында 2029 жылға дейін қала бойынша 24 шағын ауданда 918 шақырымға жуық инженерлік желіні жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар ең алдымен тозу деңгейі аса жоғары төменгі аймақтардан бастау алды.
Биылдың өзінде 3а, 3б шағын аудандарында және аурухана қалашығында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары сәтті аяқталды. Нәтижесінде, апаттық жағдайлардың саны едәуір қысқарып, коммуналдық қызметтердің сапасы айтарлықтай артты.
Жергілікті билік су және жылу жүйелеріндегі ақауларды жою жұмысын басты назарда ұстап отыр. Бұл бағыттағы кешенді шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1089087?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау