Астанада ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мен Түрік статистика институты (TÜİK) өкілдерінің үш күндік жұмыс кездесуі басталды. Келісім тәжірибе алмасуға және статистикалық деректердің ашықтығы мен сапасын арттыруға бағытталған. Кездесу Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен өтуде.
Сапардың алғашқы кезеңінде Қазақстан тарапынан ұлттық статистикалық жүйені дамытудағы негізгі бағыттар, заңнамалық реттеу, жоспарлау және статистикалық бақылауды ұйымдастыру мәселелері таныстырылды.
Сонымен қатар, кездесуде Бюроның цифрлық инфрақұрылымы – ресми интернет-ресурс пен «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің демонстрациясы көрсетілді.
«Түрік әріптестерімізді Астанада қарсы алуымызға қуаныштымыз. Мұндай ынтымақтастық форматы – тек тәжірибе алмасу ғана емес, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи, ашық және жоғары сапалы статистиканы құру жолындағы стратегиялық маңызды қадам. Мұндай кездесулер бізге үздік тәжірибелерді қабылдауға, ортақ қиындықтарды талқылауға және тиімді шешімдерді бірге іздеуге мүмкіндік береді. Бұл кездесудің нәтижелері елдеріміз арасындағы ұзақ мерзімді және жемісті серіктестікке берік негіз болады деп сенемін», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшыcының орынбасары Фархат Қалиев.
Сапардың екінші күнінде түрік тарапынан статистика сапасын бақылау тәсілдері, соның ішінде Еуропалық статистикалық тәжірибе кодексі және ISO жүйесі сияқты халықаралық стандарттарды қолдану тәсілдері таныстырылады. Сапардың соңғы күні инновацияларға арналады.
Бюро мамандары деректердің иесіздендірілген базаларын ұсыну тәжірибесі, «Qazdatathon» байқауын өткізу және аналитикада синтетикалық деректерді қолдану туралы байандайды. Сонымен бірге деректер сапасына мемлекеттік бақылау механизмдері, әсіресе әкімшілік дереккөздерді пайдалану мәселелері қарастырылады.
Өз кезегінде, TÜİK сарапшылары пайдаланушы сұраныстарымен жұмыс, ғылыми зерттеулерге арналған микродеректерді ұсыну, халықаралық деректерді беру, сондай-ақ кері байланыс пен пайдаланушылардың сұранысы бойынша бағалау жүйелері жөніндегі тәжірибелерімен бөліседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/stat/press/news/details/1090473?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау