МӘСЛИХАТ ПЕН БАҚ: АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен жыл сайын осы мерзімде өткізіліп келе жатқан дәстүрлі ашық брифинг биыл да өз жалғасын тапты. Бұл шараның негізгі мақсаты – партия атынан сайланған депутаттардың қызметіндегі ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен еркін пікір алмасу арқылы қоғаммен байланысын күшейту болып табылады.
Брифингтер арнайы кестеге сәйкес ұйымдастырылып, әр күні облыстағы аудандық мәслихат төрағаларының қатысуымен жеке кездесулер өткізіледі. Бүгінгі баспасөз мәслихатына Төлеби аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, ауданның биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен депутаттық корпустың жұмысы жөнінде баяндама жасады.
Мәслихат жұмысына тоқталған Нұрлан Қойбағаров аудандық мәслихат құрамының 82 пайызы «AMANAT» партиясы мүшелерінен тұратынын атап өтті. Биылғы жылы 6 сессия өткізіліп, 46 шешім қабылданған. Депутаттар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, жыл басынан бері 278 өтінішті қарап, оның 235-ін шешімін тапқан. Мәслихат төрағасының жеке қабылдауында 142 азамат болған. Сонымен қатар, депутаттар тарапынан 321 депутаттық сауал жолданып, оның басым бөлігі аудандық және облыстық деңгейде қаралған.
Кездесуде ауданның инфрақұрылымын дамыту мен туризм саласын жандандыру бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Қазіргі уақытта Біркөлік және Ақмешіт шатқалдарындағы демалыс орындарын ауданның есебіне тіркеу жұмыстары жүргізілуде. 250-ден астам нысанның 150-ден астамы тіркеліп, қалғанымен тиісті рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Нұрлан Хамзаұлы өз сөзінде: «Есеп беру – сайлаушылар алдындағы жауапкершілік пен азаматтық парыздың көрінісі. Ашықтық пен сенім – халық пен билік арасындағы басты байланыс тетігі», – деп атап өтті.
БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, ол депутаттық корпустың жұмысы жүйелі түрде жалғасып, алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жетілдіру және партиялық бақылау бағытындағы жұмыстар күшейтілетінін жеткізді.
Ашықтық, есептілік және халықпен тұрақты байланыс – Төлеби аудандық мәслихаты қызметінің басты қағидаты болып қала береді.
 
Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1091298?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version