АУДАНДА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ІІІ ФОРУМЫ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгін Бадам елді мекеніндегі «Kazkioti» ЖШС ғимаратында аудан кәсіпкерлігін дамытуға арналған кәсіпкерлердің ІІІ форумы өтті. Іс-шара аясында аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық және өңірлік қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен ауыл округ әкімдері қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері таныстырылып, бизнесті дамытудағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев өз сөзінде кәсіпкерлікті дамытуда тұрғындардың белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды:
– Бүгінгі жиынға ауыл округ әкімдері мен кәсіпкерлерді арнайы қатыстырып отырмыз. Мақсатымыз – кәсіп ашуға ниетті тұрғындарды тарту, өз кәсібін бастаймын дегендерге демеу болу. Атқарылған істі көрсетіп қана қоймай, алда тұрған міндеттерді нақты іске асыратын уақыт келді.
Жақында Мемлекет басшысының Жолдауында: «Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Мемлекет бизнестің дамуы үшін бар жағдайды жасауға тиіс» деп атап өтті. Сондықтан біз де аудан деңгейінде осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Шара барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов, «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Мұхит Мынбаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұл және корпорация басшысының орынбасары Нұрлыбек Исаев кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Кәсіпкерлік саласындағы осы маңызды алаң аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізіліп, аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Атап айтқанда:
«Alem Euro PIR» ЖШС – сэндвич-панель және PIR (полиизоцианурат көбік) өндірісін іске қосу жобасы (4,5 млрд теңге);
«Grand Pro» ЖШС – жиһаз өндірісін құру жобасы (1,8 млрд теңге);
«PETRANA OIL GROUP» ЖШС – жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін дамыту жобасы (1 млрд теңге).
Форумнан кейін қатысушылар «Kazkioti» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысып, өндіріс үдерісін аралап көрді.
Бұл басқосудың басты мақсаты – аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасау болып табылады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1093157?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version