Павлодар облысында 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының күтілетін қорытындылары қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің 2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының күтілетін қорытындылары және Үкіметпен жасалған меморандумның орындалу барысы талқыланған жиналыс өткізді.

Болжамдарға сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша өңір экономикасының барлық негізгі бағыттарында оң серпін сақталады.

Өнеркәсіп секторының нақты көлем индексі 100,1% құрайды деп күтілуде, ал ауыл шаруашылығындағы өсім 107,3% деңгейінде болжануда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 138,8 млрд теңге (130,3%) шамасында, құрылыс саласында – 464,7 млрд теңге (117%), тұрғын үйді пайдалануға беру – 570 мың шаршы метр (100,7%) деңгейінде болады деп күтілуде. Ішкі сауда көлемінің өсімі 114,8%, көлік және қоймалау – 116,5%, байланыс саласы – 110,3% деңгейінде болжануда.

Аудан және қала әкімдеріне өңірлік инвестициялық жоба пулына енгізілген жобаларды іске асыруды жандандыру, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру үшін қосымша резервтерді анықтау тапсырылды.

Жиналыс барысында тоғыз айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жекелеген көрсеткіштері орындалмаған Железин, Аққулы, Ертіс, Май және Павлодар аудандарының әкімдерінің есептері тыңдалды.

– Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері – халықтың өмір сүру сапасының тікелей көрінісі. Әрбір әкім белгіленген нысаналы индикаторлардың орындалуына жеке жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Өңір басшысы орынбасарларына көрсеткіштердің орындалуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Қаржы басқармасының мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша облыстық бюджеттің кіріс бөлігі трансферттерді есепке алмағанда 100,7% деңгейінде болжануда. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,1% көлемінде орындалады деп күтілуде. Жыл қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы 99,0% деңгейінде жоспарланып отыр.

Әкім қала және аудан басшыларына бюджеттің кіріс бөлігінің толық орындалуын және бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Жыл соңына дейін қырық жұмыс күніндей ғана уақыт қалды. Жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарап, резервтерді жұмылдыру және жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау қажет, – деді өңір басшысы.

Жиналыста орындаушылық тәртіп пен азаматтардың өтініштерімен жұмыс мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Екінші тоқсанмен салыстырғанда шағымдар саны 6,4%-ға артқан, ең жоғары өсім Ақсу қаласында тіркелді.

– Бір өтініш берушіге екі-үш өтініштен келеді. Бұл жергілікті деңгейдегі жұмыстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Азаматтардың мәселелері бірінші рет жүгінген сәтте шешілуі тиіс – бұл мәселені жеке бақылауға алыңыздар, – деп талап етті Асайын Байханов.

Қорытындылай келе, өңір басшысы мұндай жиналыстардың өткізілуі тәуекелдерді уақтылы анықтауға және жұмысқа түзету енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Жергілікті жердегі әрбір басшының басты міндеті – тұрақты дамуды қамтамасыз ету, тұрғындар алдындағы міндеттемелерді орындау және экономиканың барлық салаларында оң серпінді сақтау, – деді Асайын Байханов.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1094881?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version