Бүгін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» президенті Рауан Кенжеханұлы және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті ректорының міндетін атқарушы Алмас Орынбеков өңірімізде республикалық ағарту жобасы -«Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауын қолдау жөнінде өзара ынтымақтастық меморандумын заңдастырды.
«Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық байқауы өскелең ұрпақты халық поэзиясына баулып, оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан жыр додасы.
Байқауға қатысушылар «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтып, жырдағы көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.Жыр додасына Қарағанды облысының 13 аудан-қаласындағы 324 мектептен 4 мыңнан астам оқушы қатысуда. Байқаудың аудандық, қалалық кезеңдерінен өткен жеңімпаз оқушылар байқаудың ІІ кезеңі -облыстық кезеңіне жолдама алады.Байқауға қатысушыларды ынталандыру, жүлде қоры да қомақты.
1 -орын иеленген оқушыға 1 000 000 (бір миллион) теңге және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті тарапынан білім гранты тағайындалады.
Ал жеңімпаз оқушыны дайындаған ұстазға 1 000 000 теңге және «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» атынан автокөлік сыйға беріледі.
«Тұлпар мініп, ту алған» жобасына қатысушылар қатарында өзге этнос өкілдері де бар.Бұл-қазақ тілінің ұлт пен ұлысты біріктіретін ортақ құндылық екенінің айғағы.
Меморандумға қол қою -Қарағанды облысында қазақ тілін дамыту, жастардың рухани және мәдени тәрбиесін күшейту жолындағы маңызды қадам болды.
Қатысушылар мемлекеттік тілдің беделін арттыруға және ұлттық сана мен рухты жаңғыртуға бағытталған бірлескен бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Қарағанды облысында қазақ тілін дамыту бағытындағы үшжақты келісімнің жасалуы-біздің өңіріміз үшін руханият пен білімнің, тіл мен ғылымның бір арнада тоғысуы,қазақ тілін дәріптеу жолындағы ортақ бастама.
#қарағандытілдердідамытубасқармасы #тұлпармініптуалған
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1095197?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау