ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен келіп, Сарыжар ауылдық округінде болды.
Сапар барысында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» бағдарламасының орындалу барысына ерекше назар аударылды. Кеңесші бағдарламаға қатысушы жергілікті кәсіпкерлердің қызметімен танысып, олардың өндірістік әлеуетін, жұмыс орындарын құру және ауыл экономикасын дамытуға қосып отырған үлесін бағалады.
Атап айтқанда, Сарыжар ауылдық округінде орналасқан ЖК «Зайнуллина Диана Амангельдыевна» жеке кәсіпкерлігінің қызметі таныстырылды. Бұл жоба аясында 2023 жылдан бастап «Жартылай фабрикаттар» цехы жұмыс істеп келеді.
Цехта тұшпара, манты, котлет сияқты өнімдер шығарылып, бүгінде Ақтөбе қаласы мен ауыл тұрғындарына ұсынылуда. Жобаның құны — 8,6 млн теңге несие қаражаты, жылдық қуаттылығы — 1 тонна, 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, ЖК «Бердыбаева Бахыт Махсатбаевна» жеке кәсіпкерлігіне қарасты наубайхана жұмысы таныстырылды. 2023 жылы 5 млн теңге несие алып іске қосылған бұл жоба күніне 470 дана әртүрлі нан өнімдерін шығарады. Шағын цех жеке тұрғын үй аумағында орналасқан, мұнда да 4 адам жұмыспен қамтылып, орташа жалақы 120 000 теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, сапар аясында «Айс» ЖШС-нің сүт тауарлы фермасына барып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен және ферма қуаттылығын 800 басқа дейін кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Жұмыс сапары ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, халықтың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-martuk-saryzhar/press/news/details/1151930?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау