Алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану – халық денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өзекті санитариялық мәселе. Көп жағдайда алкоголь демалу немесе күйзелісті азайту құралы ретінде қабылданады, алайда оның адам ағзасына тигізетін зияны айтарлықтай.
Алкоголь ең алдымен бауыр қызметін бұзады. Ұзақ уақыт және көп мөлшерде қолдану бауырдың майлануына, алкогольдік гепатитке, кейін циррозға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер етіп, артериялық қан қысымының жоғарылауына, инфаркт пен инсульт қаупінің артуына себеп болады. Асқазан-ішек жолдары мен ұйқыбез де алкогольден айтарлықтай зардап шегеді.
Алкоголь орталық жүйке жүйесін зақымдап, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, зейіннің әлсіреуіне және мінез-құлықтың өзгеруіне алып келеді. Алкогольді жиі қолдану тәуелділіктің қалыптасуына, психикалық бұзылыстардың пайда болуына себеп болады.
Алкогольді шамадан тыс қолданудың салдары әлеуметтік тұрғыдан да қауіпті. Ол отбасындағы жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жол-көлік оқиғалары мен өндірістік жарақаттардың көбеюіне ықпал етеді. Жүкті әйелдердің алкоголь қолдануы ұрықтың дамуына кері әсер етіп, туа біткен ақауларға әкелуі мүмкін.
Алдын алу шаралары ретінде салауатты өмір салтын ұстану, алкогольсіз демалыс мәдениетін қалыптастыру, халық арасында ақпараттық-түсіндіру және санитариялық-ағарту жұмыстарын күшейту маңызды.
Алкогольді шамадан тыс қолданудың алдын алу әрбір азаматтың саналы таңдауынан басталады. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алкогольді тұтынуды шектеу немесе одан бас тарту арқылы өз өмірінің сапасын жақсартып қана қоймай, отбасының амандығына және қоғамдағы тұрақтылыққа үлес қоса алады. Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау – дені сау ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі.
Денсаулықты сақтау – әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1151900?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау