Өңірлердің дамуы ең алдымен халықтың күнделікті өміріне тигізетін нақты пайдасымен өлшенеді. Әсіресе, шалғай ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімді болуы – маңызды мәселе. Осы бағытта Ақтөбе облысында балалардың денсаулығын қолдауға арналған ауқымды әлеуметтік жоба іске қосылмақ.
Жұмыс сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Гибрат Ауғанов, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева және «Bauqatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының директоры Гүлмира Абельдинова Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық ауылында 2026 жылы іске қосылатын «Ainala» оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Аталған орталық менталды және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған. 130 орынға шақталған орталықта балалар амбулаторлық және стационарлық форматта кешенді оңалту қызметін ала алады. Жоба Темір, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин, Алға және Қобда аудандарында тұратын мүгедектігі бар балаларды сапалы оңалту қызметімен қамтуға мүмкіндік береді. Жыл сайын 840 балаға дейін қабылдау жоспарланған.
Бұған дейін арнайы көмек алу үшін өзге қалаларға баруға мәжбүр болған отбасылар үшін бұл – уақыт пен қаржыны үнемдейтін, қолжетімді әрі тиімді шешім. Сонымен қатар, сұраныс артқан жағдайда орталықта қабылдау көлемін ұлғайту мүмкіндігі де қарастырылған.
«Ainala» оңалту орталығы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен заманауи медициналық және оңалту құрал-жабдықтарымен толық жабдықталады. Мұнда халықаралық стандарттарға сай арнайы тренажерлер, емдік және дамыту құрылғылары, сондай-ақ балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімделген құралдар орнатылады.
Жобаның маңызды әлеуметтік нәтижелерінің бірі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Орталық іске қосылған кезде медицина, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік оңалту салаларында 150-ге жуық маман тұрақты жұмыспен қамтылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-social/press/news/details/1150839?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау