Ақтөбе облысында мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің сапалық құрамын арттыруға бағытталған жаңа «КӨШБАСШЫЛАР МЕКТЕБІ» облыстық жобасы өз жұмысын бастады. Жоба педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жүйелі дамыту арқылы тәрбиелеу мен оқыту сапасын жақсартуға, заманауи білім беру талаптарына сай жоғары білікті кадрлар қалыптастыруға бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби деңгейін көтеру, жаңашыл ойлауын және шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ білім беру үдерісін жетілдіру үшін оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту. Үздіксіз кәсіби даму тетіктері арқылы педагогтердің тиімді, креативті жұмыс істеуіне жағдай жасалып, балаларға сапалы тәрбие мен білім беру қамтамасыз етіледі.
Жоба 2025-2028 оқу жылдары аралығында кезең- кезеңімен жүзеге асырылады. Үш кезеңнен тұратын жұмыс
жоспары бекітілген:
1-кезең (2025-2026 жж.) — сапалық құрамды 10-15% арттыру
2-кезең (2026-2027 жж.) 15-20% арттыру
3-кезең (2027-2028 жж.) – 20-25% арттыру.
Жобаны іске асыру аясында бірқатар нақты индикаторлар айқындалған. Атап айтқанда, аттестациядан өтетін педагогтерге арналған кәсіби даму карталары әзірленеді, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Курстарға 2026 жылы 595, 2027 жылы 510, 2028 жылы 550 педагог қамтылады. Сонымен қатар, педагогтердің қатысу үлесін 70%-ға жеткізу мақсатында семинарлар, семинар-практикумдар, курстар, шеберханалар, байқаулар, олимпиадалар мен конференциялар өткізіледі.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – 2025-2028 жылдар аралығында біліктілік санатын алатын педагогтердің үлесін 10%-дан 25%-ға дейін арттыру. Бұл бастама мектепке дейінгі білім беру жүйесінде кәсіби көшбасшыларды қалыптастырып, өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге серпін береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1151162?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау