Алтай ауданында «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект – 2026» форумы өтті. Іс-шара өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің рөлін талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.
Форум қатысушыларына құттықтау сөзбен аудан әкімі Курмамбаев Ренат сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу халықтың өмір сүру сапасын арттырудың, басқару тиімділігін күшейтудің және аумақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды факторлары екенін атап өтті. Аудан әкімі Алтай ауданы цифрлық өзгерістер бағытымен жүйелі түрде алға жылжып келе жатқанын, инновациялық өсім мен болашақтың бәсекеге қабілетті кадрларын даярлауға қолайлы жағдай жасап отырғанын жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Оқасов Қуат қазіргі заманғы білім беру платформаларын енгізуге, педагогтер мен оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, оқу үдерісінде жасанды интеллектті пайдалануға, сондай-ақ қарқынды өзгеріп жатқан әлем жағдайында сұранысқа ие сыни ойлау мен цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Форум аясында түрлі салаларда цифрлық технологияларды қолданудың практикалық кейстері ұсынылды. «Қазцинк» ЖШС Цифрлық технологиялар және сервис кешенінің директоры Гайфулин Максимнің өндірістік процестерді цифрландыру, автоматтандырылған басқару жүйелері мен деректерді талдау құралдарын өнеркәсіпте қолдану жөніндегі баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды.
Сондай-ақ мемлекеттік электрондық қызметтерді дамыту туралы ақпараттық технологиялар, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Нұрқасынова Альмираның, денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектті қолдану жөнінде Алтай ауданының ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрекенов Олжастың, білім беру саласында – Алтай ауданы білім бөлімінің әдіскері Мұхтарова Зәурештің баяндамалары тыңдалды.
«Рулиха» ЖШС директоры Усенов Азамат өз сөзінде мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, сауу процестерін автоматтандыру, мал басын цифрлық есепке алу, азықтандыру мен жануарлардың денсаулық жағдайын бақылау мәселелеріне тоқталды. Ол Полянское ауылында 2025 жылғы желтоқсанда іске қосылған 1075 басқа арналған сүт-тауар фермасының жұмысы туралы айтып өтті. Цифрландыру элементтері мен интеллектуалдық жүйелерді қолдану сүтті малдың өнімділігін арттыруға, сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға және шаруашылықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-altay-altay/press/news/details/1151775?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау