Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Иран Ислам Республикасының Елшісі Али Акбар Джоукармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан-Иран сауда-экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелері, өзара сауданың ағымдағы жай-күйі мен серпіні, сондай-ақ логистика, транзит және инвестициялық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 430,2 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,4%-ға артқан. Бұл ретте Қазақстаннан экспорт көлемі 239,3 млн АҚШ долларына жетіп, шамамен екі есеге өсті.
Тараптар Иран Президенті М.Пезешкианның 2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары деңгейінде екіжақты тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсат айқындалғанын атап өтті. Осы тұрғыда шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметі үшін орнықты жағдайлар қалыптастырудың, көлік-логистикалық бағыттарды дамытудың және екі елдің бейінді ведомстволары мен іскер топтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жандандырудың маңыздылығы көрсетілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кезең-кезеңімен дамытуға және Қазақстан мен Иран Ислам арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1152029?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау