Құмырсқалардың сандық құпиясы: кіші зерттеушінің үлкен жаңалығы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Жанат Ерсұлтан Ердосұлы — Тлектес жалпы орта білім беретін мектебінің 2-сынып оқушысы, «Құмырсқаларды зерттеу» атты ғылыми жобаның авторы. Жас зерттеуші бұл жобаны жүзеге асыру барысында табиғаттағы ең еңбекқор жәндіктердің бірі — құмырсқалардың тіршілік әрекетіне ерекше қызығушылық танытты.

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты — құмырсқалардың еңбек ету ерекшеліктерін, жүру бағытын, бірлесіп әрекет ету дағдыларын және әртүрлі кедергілерден өту тәсілдерін бақылау арқылы олардың ұйымдасқан тіршілігін зерделеу болды. Осы мақсатта оқушы арнайы бақылау жүргізіп, тәжірибелер ұйымдастырды.

Зерттеу барысында құмырсқалардың кедергіден өту тәсілі мен оған жұмсалатын уақыт мұқият бақылауға алынды. Бақылау нәтижесінде құмырсқалардың алдымен кедергіні барлап, жағдайды бағалайтыны анықталды. Олар бір-бірімен байланыс орнатып, топтасып әрекет ету арқылы ортақ шешім қабылдайды. Құмырсқалар бірінің соңынан бірі жүріп, белгілі бір бағытта ортақ жол қалыптастырып, кедергіден жүйелі түрде өткен.

Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері құмырсқалардың кедергіден өту уақыты олардың санына және кедергінің күрделілік деңгейіне тікелей байланысты екенін көрсетті. Құмырсқалар саны артқан сайын әрекет жылдамдап, күрделі кедергілерден де қысқа уақытта өте алатыны байқалды. Бұл олардың жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілетін және ұжымдық жұмыстың тиімділігін дәлелдейді.

Жас зерттеуші жүргізген жұмыс құмырсқалардың тек еңбекқор ғана емес, сонымен қатар өте ақылды, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет ететін тіршілік иелері екенін көрсетті. Бұл зерттеу табиғаттағы ынтымақ пен бірліктің маңызын түсінуге мүмкіндік береді.

«Құмырсқаларды зерттеу» жобасы оқушының зерттеушілік дағдыларын дамытуға, қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттыруға және ғылыми ойлау қабілетін қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Жанат Ерсұлтанның бұл еңбегі — жас ұрпақтың ғылымға деген алғашқы қадамының жарқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqquly-bilim/press/news/details/1151135?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version