Заң мен тәртіп: несиені реттеу бойынша құқықтық кеңес берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбедегі «KeruenCity» ойын-сауда орталығында «Несие қарызын реттеу: заңды жолдар мен мүмкіндіктер» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды.

Іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыстық прокуратура мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен өтті.

Ақтөбе облысында 26 мыңнан астам азаматтың несие бойынша қарызы бар. Осы себепті несие қарызын реттеу — облыстағы өзекті мәселенің бірі.

«KeruenCity» ойын-сауда орталығындағы шараның да мақсаты тұрғындардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ несие қарызын заңды жолмен реттеу тетіктерін түсіндіру болатын.

Іс-шараға облыстық прокуратура, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, әділет департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, пробация қызметі, облыстық заң консультанттары палатасы, адвокаттар алқасы, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, еңбек мобильдігі орталығы, қалалық мансап орталығы және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.

Ашық есік күні барысында азаматтарға несие жүктемесі, несиені уақытында төлемеудің салдары, қарыз алушының төлем қабілетін ескере отырып, несие шарттарын өзгерту, төлемді кейінге қалдыру, коллекторлық ұйымдармен қарым-қатынас және жеке тұлғаның банкроттығы мәселелері бойынша тегін құқықтық кеңес берілді.

Ашық есік күніне несиесі бар азаматтар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жұмыссыздар, сондай-ақ пробация бақылауындағы тұрғындар арнайы шақырылды.
Несие қарызын өтей алмаудың бірнеше себебі бар. Оның бастысы — жұмыссыздық.

Ашық есік күнінде жұмыссыз азаматтарға тұрақты жұмыс орындары да ұсынылды. Азаматтар мансап орталығы арқылы жолдама алып, тікелей жұмыс берушілермен сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Еңбек мобильдігі орталығының мәліметінше, еліміз бойынша мансап орталықтары арқылы ұсынылатын 860 бос жұмыс орны бар. Өңірде ай сайын, жылына 12 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі. Былтыр осы шаралар нәтижесінде 1860 ақтөбелік тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar/press/news/details/1151216?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version