Қарағанды облысының педагогы ауыл мектебі туралы қалыптасқан түсінікті өзгертуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нұра ауданының Ахмет ауылы әдетте IT-инновациялармен немесе халықаралық ғылыми алаңдармен байланыстырылмайды. Алайда дәл осы ауылдағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте бүгінде есімі аудан, облыс қана емес, одан тыс жерлерге де танылған педагог еңбек етіп жүр.

Анна Колтунова ауыл мектебін саналы түрде таңдап, ауқымды әрі батыл идеяларды жүзеге асыру үшін мегаполисте тұру міндетті емес екенін нақты ісімен дәлелдеді. Бірнеше жоғары білімі, информатика магистрі дәрежесі, «педагог-сарапшы» санаты, 11 жылдық педагогикалық тәжірибе, республикалық және облыстық байқаулардағы жеңістер, халықаралық кәсіби шақыртулар — мұндай мықты портфолио көбіне қала немесе шетелдік оқу орындарына жол ашады. Алайда педагог үшін басты құндылық — туған жері мен ауыл балалары болды.

— Мен өз орнымның қайда екенін анық білемін: білім мен қолдауға шын мәнінде мұқтаж, мені балалар күтіп отырған жер — осы. Мен артқа шегерген жоқпын, мен үйіме оралдым. Негізгі мақсатым — ауыл мектебін дамыту және оқушыларға мүмкіндіктер барлық жерде бар екенін көрсету, — дейді Анна Колтунова.

Анна Колтунова информатика пәнінен орыс және қазақ тілдерінде сабақ береді. Мемлекеттік тіл ол үшін жай талап емес, оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнатудың, толыққанды білім беру ортасын қалыптастырудың маңызды құралы. Педагогтың пайымдауынша, заманауи білім беру серіктестікке, ашық диалогқа және балалармен бірге үздіксіз үйренуге негізделуі тиіс.

— Алғашында оңай болмағаны рас. Үнемі оқу, тәжірибе жинақтау, ойлау жүйесін өзгерту қажет болды. Мен ешқашан оқушылармен бірге үйренуден қашқан емеспін. Балалар мұғалімнің қателесуден қорықпайтынын, дамуға ашық екенін көргенде, олардың бойында сенім, құрмет және шынайы қызығушылық қалыптасады, — дейді педагог.

Анна Колтунованың кәсіби деңгейін нақты деректер айғақтайды. Ол өз тәжірибесімен Минск, Мәскеу, Кишинев қалаларында бөлісуге шақырылған. Педагогтың баяндамалары авторлық әдістемелерге, жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізуге, робототехникаға, ойын және жобалық оқыту форматтарына арналды. Қазіргі уақытта ол Астанада өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға дайындалып, онда өзінің педагогикалық әзірлемелерін ұсынуды жоспарлап отыр.

Ең мазмұнды әрі ерекшеленетін жобалардың бірі — «Сыр сандық». Ұлттық сандық бейнесі арқылы оқушылар оқу бағдарламасын меңгеріп қана қоймай, мәдениет пен құндылықтарды таниды, жасанды интеллект көмегімен мультфильмдер, сценарийлер және цифрлық әңгімелер құрайды. Сонымен қатар педагог «AI Creator: Цифрлық шығармашылық әлемі», «Цифрлық киіз үй», «Тірі мұра» жобаларын іске асырып, мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрлерге басымдық бере отырып, бастауыш сынып оқушыларына арналған интерактивті квестер мен цифрлық кітаптар әзірлеуде.

Ауыл мектебінде заманауи техника әрдайым жеткілікті бола бермейді. Алайда Анна Колтунова мұны кедергі емес, керісінше, стандарттан тыс шешімдер іздеуге мүмкіндік деп қабылдайды. Оның пікірінше, балаға қатаң бақылаушыдан гөрі бағыт беретін тәлімгер мен серіктес қажет. Осы ретте педагог жасанды интеллектіні ойлауды алмастыратын құрал емес, оны дамытатын тиімді тетік ретінде қолдану мәдениетіне ерекше мән береді.

Анна Колтунованың кәсіби жетістіктерінің қатарында «Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауындағы жеңіс, «Үздік педагог» конкурстарындағы жүлделі орындар, түрлі олимпиадалар мен конференциялардың марапаттары, жергілікті атқарушы органдардың алғыс хаттары бар. Бұдан бөлек, ол әріптестеріне арналған білім беру арнасын жүргізіп, екі тілде авторлық оқу-әдістемелік материалдарымен тұрақты түрде бөлісіп келеді.

Алдағы жоспарларында — жасанды интеллект элементтері енгізілген екітілді оқытуды дамыту, «Ақылды киіз үй» жобасын іске асыру, AR және VR зертханаларын енгізу, сондай-ақ қазақ тілін кәсіби деңгейде одан әрі жетілдіру ойы бар.

Фото: Анна Колтунова

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1152065?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version