Ақмола облысында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы тұжырымдама аясында облыстық мәслихат 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжат экологиялық ойлау, экологиялық білім беру және экологиялық ағарту бағыттарын қамтиды.Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Булат Мейрамов мәлімдеді.
Өткен жылы жоспарға сәйкес 31 іс-шара жүзеге асырылды. Елді мекендерде тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, саябақтар мен тарихи-мәдени ескерткіштер ретке келтірілді. Қоқыс шығарылып, көгалдандыру жұмыстары атқарылды, мыңдаған ағаш отырғызылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру ортасын жақсартуға және экологияға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Ал алдағы жылға 37 іс-шара жоспарланған. Күнделікті тазалық пен абаттандыру жұмыстарымен қатар, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камераларының санын арттыру көзделіп отыр.
Ақмола облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Булат Мейрамов бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті:
«Таза Қазақстан – бұл бір реттік акция емес, тұрғындардың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс жүйелі жұмыс. Тазалық пен тәртіпке әрбір азамат жауапкершілікпен қарағанда ғана нақты нәтиже болады», – деді ол.
Бағдарлама аясында «Таза қала», «Таза жағалау», «Жасыл аула», «Өз ағашыңды отырғыз» сияқты санитарлық және көгалдандыру акциялары өткізіледі. Сонымен қатар аудандық және қалалық «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» конкурстары ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға қаржылай қолдау көрсетіледі. Мысалы, өткен жылы «Үлгілі ауыл» конкурсының жеңімпазы болған Новорыбинка ауылына 25 млн теңге бөлініп, балалар-спорт алаңы салынды.
Биыл Премьер-Министрдің өкімімен «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылуын бақылайтын мониторинг орталығы құрылды. Оның құрамына Ақмола облысының әкімі де енді. Орталық атқарылған жұмыстарды бақылап, Мемлекет басшысының экология және көгалдандыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қадағалайды.
«Экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуде бақылау мен жауапкершілік тетіктерін толық пайдалану қажет. Бұл – тек тазалықты сақтау емес, жергілікті бюджетке де қосымша кіріс көзі», – деп атап өтті Булат Мейрамов.
Мамандардың айтуынша, экологиялық акциялардың сапалы өтуі жергілікті атқарушы органдардың белсенділігіне тікелей байланысты. Экологиялық мәдениетті насихаттау және қоғам назарын осы мәселеге аудару өңірдің тұрақты дамуының маңызды негізі болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1152164?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау