Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті.
Мәжіліс кадрлық өзгерістермен басталды. Аудан басшысы ұжымға аудандық ішкі саясат бөлімінің жаңа басшысы Ерлан Абдразаховты таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, басқа жұмысқа ауысуына байланысты аудан әкімінің аппарат басшысы Бауыржан Шомпиевке ауданның экономикасы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. Жаңа қызметінде толағай табыс тілеп, жылы лебізін білдірді.
Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес ауданның ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, аудандағы егістік жерлерді әртараптандыру, тамшылатып суғару әдісін енгізу, жүгері дақылын орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Нұрсейітов баяндама жасады.
Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Жиын барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, осы бағытта өндірістік кооперативтер ашу бойынша жұмысты күшейтуді, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке кеңінен тартуды тапсырды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1153236?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау