Павлодарлық оқушы Зара – әлемдік цирк аренасын бағындырған жас жұлдыз

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар қаласындағы №5 жалпы орта білім беретін мектептің 2 «А» сынып оқушысы Зара Котенёва жасы небәрі сегізде болса да, әлемдік цирк өнерінің ең беделді сахналарының бірін бағындырды. Ол ата-анасы Илья мен Регина Котенёвтармен бірге Монте-Карлода өткен Халықаралық цирк фестивалінде Қазақстан намысын абыроймен қорғап, «Күміс клоун» жүлдесін және Көрермендер көзайымы сыйлығын жеңіп алды.

Монако ханшайымы Стефанияның қамқорлығымен өтетін бұл фестиваль – цирк әлеміндегі ең мәртебелі байқаулардың бірі. Котенёвтар әулетінің бірегей нөмірі – шашпен және тіспен орындалатын әуе акробатикасы – жоғары техникалық шеберлігімен және отбасылық үйлесімімен ерекшеленді. Олардың өнері көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Зара цирк өнерімен 4 жасынан айналыса бастады. Ал 5 жасында алғаш рет манежге шығып, үлкен сахнаға нық қадам басты. Бүгінде ол фестивальдің ең жас лауреаты атанып, арнайы марапатқа ие болды. Жасына қарамастан, сахнада өзін сенімді ұстап, артистік шеберлігі мен тәртібін көрсете білді.

Котенёвтар отбасының жетістігі – табандылық пен тынымсыз еңбектің, сондай-ақ берік отбасылық бірліктің нәтижесі. Зара акробатиканы оқуымен қатар алып жүріп, мектеп өміріне де белсенді қатысады.

Монте-Карлодағы жеңіс – павлодарлық өнерпаздар үшін үлкен белес. Бұл жетістік жас таланттың болашағына сенім ұялатып қана қоймай, Қазақстан цирк өнерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын айқын дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1154730?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version