Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі тарапынан Қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің клубында қазақ халқының ұлы ағартушысы, ұлт ұстазы, педагог-жазушы Ыбырай Алтынсаринге арналған тұлғатану сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, ағартушылық қызметі және қазақ білім беру саласының дамуына қосқан зор үлесі туралы кеңінен мәлімет берілді. Ағартушының қазақ даласында тұңғыш зайырлы мектептер ашып, оқу-білімді дамыту жолында аянбай еңбек еткені атап өтілді.
Сонымен қатар оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңдері мен тәрбиелік мәні зор әңгімелері таныстырылды. Ағартушының қазақ балаларына арнап жазған алғашқы оқулықтарының бірі – «Қазақ хрестоматиясы» туралы да мағлұмат берілді.
Ыбырай Алтынсариннің қыз балаларын оқытуға қосқан үлесі, қоғамдағы білім мен теңдік мәселесіне қатысты көзқарасы ерекше атап өтілді. Ұлы тұлғаның еңбектері бүгінгі таңда да жас ұрпақты білімге, адамгершілікке тәрбиелеуде маңызын жоғалтпағаны айтылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1154439?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау