2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша 843 дерек тіркеліп, салдарынан жәбірленушілерге жалпы 1 млрд 665 млн 783 мың теңге шығын келтірілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен «Интернет-алаяқтықпен күрес: талдау, практика және басым бағыттары» тақырыбында өткен жиында айтылды. Жиынға салалық басқарма қызметкерлері, облыстық прокуратура қызметкерлері, Полиция департаментінің қызметкерлері, екінші деңгейдегі банктердің және ұялы байланыс операторларының өкілдері, сонымен қатар облыс аумағындағы ірі сауда орталықтарының басшылары қатысты. Жиында интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар арасында қарым-қатынасты нығайту және өзара ынтымақтастық келісімдер жасау жайы қозғалып, өзекті мәселелердің шешу жолдары қаралды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары әрбір айтылған ұсыныс назарға алынатынын жеткізіп, интернет-алаяқтықпен қоғам болып күресуге шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру баршамызға маңызды міндет екенін атап өтті. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәптіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Осы мақсатта облыста бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды даму кезеңінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың ауқымы кеңейіп, жаңа әдіс-тәсілдері пайда болуда. Осыған орай, кибералаяқтардың арбауына түскен жәбірленушілер саны да күн сайын өсуде. Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткізген жиында Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі жиын – жоғарыда айтылған өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаң. Осы жиын барысында өзекті мәселерді ашық айтып, тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстарыңызды білдіре аласыздар. Әрбір айтылған ұсыныс пен пікір болашақтағы оң өзгерістерге негіз болады деп сенемін. Интернет-алаяқтықпен қоғам болып күресуге шақырамын, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Жиын барысында Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Ермек Шәкімнің баяндамасы тыңдалды. Ол алаяқтықпен күресу мақсатында қоғам болып бірлесіп, заман талабына сай қолданыста бар барлық цифрлық шешімдерді пайдалана отырып ден қою керек екенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, тіркелген интернет-алаяқтық қылмыс тәсілдерінде ең жиі кездесетін түрлері: банк қызметкері (құқық қорғау органдары, байланыс операторлары және пошта қызметкерлері) бойынша 340 дерек тіркелсе, инвестиция бойынша 98 жағдай орын алған. Сонымен қатар тауарға немесе қызметке алдын ала төлем («Wildberries», «TEMU», «Колеса», «Крыша», «ОЛХ» және т.б.) жасау бойынша 255 дерек тіркелсе, мессенджерлер арқылы танысы ретінде ақша сұрау бойынша 49 дерек тіркелген. Одан бөлек, ұтыс ойындарына 47 адам алданса, алаяқтықтың өзге түрлері бойынша 54 дерек тіркелді.
Сонымен қатар жиында халықты сақтандыру мақсатында ақпараттық жұмыстарды жандандыру, екінші деңгейдегі банктердің және ұялы байланыс операторларының жұмысын жетілдіру жайы қозғалып, атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Жиынға қатысушылар өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, маңызды ойлар мен ұсыныстар айтты. Бұл жиын – тек пікір алмасу алаңы емес, қазіргі заманның індеті – киберқылмыстарды ашу және алдын алу бағытындағы нақты істердің бастауы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1155939?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау