Түркістан қаласындағы «Olympic Center» заманауи спорт кешенінде таеквондодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз жалауын көтерді. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан келген 709 жас таеквондошы қатысып, татами төрінде өзара мықтыны анықтауда. Ұлдар мен қыздар 20 салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өткізеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Айзат Қарашашев және Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және Түркістан қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, ел чемпионатында Түркістан облысының 71 спортшысы өңір намысын қорғауда. Олардың қатарында 44 келіде Нұрай Сейдазова, 46 келіде Сұлу Абибұлла, +78 келіде Аманай Құралбаев, 45 келіде Нұрғазы Балғабай мен Бекжан Жанболат, 59 келіде Жаншуақ Нәлібай, 68 келіде Балгерім Өтеген, 78 келіде Ғазиз Бекзат, сондай-ақ 42 келіде жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Шахризада Акрамова сынды үміт артылар саңлақтар бар.
Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша сәуір айында Ташкент қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады. Рухани шаһардағы біріншілік 5–8 ақпан күндері өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1155826?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау