ХРОМТАУ АУДАНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл Хромтау ауданында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржанов аудан әкімдігінің ресми Instagram парақшасында өткен тікелей эфир барысында баяндады.

 Ауданда бүгінгі таңда 22 медициналық ұйым жұмыс істейді. Салада 460 қызметкер, оның ішінде 73 дәрігер және 212 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Есепті жылы 10 жаңа дәрігер жұмысқа қабылданып, кадрлық әлеует күшейтілді.

 Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 91,3%-ға жетті. Жыл ішінде жалпы құны 104,8 млн теңге болатын заманауи қондырғылар алынды. Сонымен қатар ауруханаға үздіксіз оттегі беретін оттегі стансасы орнатылды.

 Аудан әкімдігінің қолдауымен дәрігерлік амбулаторияларға 4 санитарлық автокөлік берілді. Бұл шалғай елді мекендерге медициналық көмектің жедел жетуін қамтамасыз етеді.

 Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бөгетсай және Көктау ауылдарындағы амбулаториялар күрделі жөндеуден өтті. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық аурухана аумағында МРТ, инсульт және реабилитация орталығы бар жаңа жапсарма құрылыс (құны 2 млрд тг) жоспарланған.

 Диспансерлік есепте тұрған 8760 науқас тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. 2025 жылы бұл мақсатқа 324,3 млн теңге бөлінді.

 Ауыл тұрғындары үшін зертханалық қызметтер кеңейтілуде: Ақжар мен Дөң елді мекендерінде лабораториялар іске қосылды, келесі жылы Көктау мен Бөгетсайда ашылады. Сонымен қатар ауылдық жерлерде дәріхана филиалдарын ашу жұмыстары жалғасуда.

 Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша оң динамика бар. Туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Ұлттық скрининг бағдарламалары аясында жүрек-қан тамыр, қант диабеті, онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмыстары күшейтілді.

 2026 жылға басым бағыттар:
– Ұлттық жоба аясындағы құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру
– Заманауи медициналық құрал-жабдықтар (цифрлық рентген, 3D лапароскоп, ЛОР-комбайн және т.б.) сатып алу
– Ана мен бала денсаулығын қорғау
– Скрининг пен профилактикалық тексерулерді кеңейту
– Туберкулездің алдын алу шараларын күшейту
– Медициналық нысандарда жөндеу жұмыстарын жалғастыру

 Тікелей эфир барысында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, аудан медицинасының дамуына қатысты толық ақпарат алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1156900?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version