Бар замандар ақыны: Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл

Жарияланды:

Автор:

категорияда

9 ақпанда, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, бар замандар ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толып отыр.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күніне қатысты екі дерек бар: ресми құжаттарда 9 ақпан көрсетілген, ал анасының естеліктерінде 8 наурыз деп айтылады. Әдебиеттанушы, ақын Оразақын Асқардың айтуынша, 9 ақпан күні Мұқағали өзі ресми құжаттарда тіркеген.

Ақынның әкесі Сүлеймен соғыста қаза тапқан. Сондықтан Мұқағалиге ерте жастан өмірдің ауыртпашылықтарын бастан кешіру тура келген. Ол ауылдық кеңестің хатшысы, мектеп мұғалімі, аудандық газет корреспонденты және радио дикторы болып жұмыс істеді. 1950 жылдардың басында ақынның алғашқы өлеңдері жарияланды.

Мұқағали Мақатаев поэзиясының ерекшелігі — терең ой мен қарапайым тілдің үйлесімі. Оның шығармаларында адам мен табиғат арасындағы байланыс, туған елге деген сүйіспеншілік, анаға құрмет және өмір мен өлім туралы философиялық ойлар айқын көрініс тапқан. Ақынның белгілі шығармалары: «Аққулар ұйықтағанда», «Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз!», «Сарыжайлау», «Үш бақытым», «Мен таулықпын», «Поэзия, менімен егіз бе едің?» секілді туындылар.

Сонымен қатар, Мұқағали Мақатаев аудармашылықпен де айналысып, әлем әдебиетінің классиктері — Уолт Уитмен, Данте Алигьери, Уильям Шекспир еңбектерін қазақ тіліне аударған.

Ақын 1976 жылғы 27 наурызда өмірден озғанымен, оның шығармашылығы мектеп бағдарламасында, ғылыми зерттеулерде, әдеби кештер мен поэзия оқуларында өмір сүруін жалғастыруда. Мұқағалидің туындылары бүгінгі күнде де өзектілігін жоймаған, оқырмандардың жүрегінде рухани құндылық болып қала береді.

Мұқағали Мақатаев — қазақ лирикасына жаңа тыныс әкелген, шығармалары «қазақ әдебиетінің алтын қорына» енген ұлы ақын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-memlekettik-satyp-alu/press/news/details/1158146?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version