Петропавл қаласының Конституция Қазақстан көшесінде «Қауіпсіздік үйден басталады» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шараны Қоғамдық даму және ақпарат орталығы «Заң және тәртіп» республикалық идеологиялық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – тұрғындарға жеке жауапкершілік, құқықбұзушылықтың алдын алу және заңды құқықтарын қорғау тетіктері туралы түсіндіру.
Қала тұрғындарымен полиция қызметкерлері мен орталық мамандары жұмыс жүргізді. Олар азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, құқықбұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы еске салды, сондай-ақ көмекке жүгіну тәртібі мен заңды мүдделерді қорғау жолдары бойынша кеңес берді.
Кездесулер барысында отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, бұзақылыққа, алкогольді шамадан тыс тұтынуға жол бермеу қажеттігі түсіндіріліп, балалар мен қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылды.
Полиция майоры Әсем Ілиясова ерте профилактика мен ересектердің бақылауы ауыр құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектесіп, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыратынын атап өтті. Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Гүлбақыт Байбусинова құқықтық сана ең алдымен отбасы мен тұрмыстық ортада қалыптасатынын жеткізді.
Акция барысында қатысушыларға қауіпсіз мінез-құлық, төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдері, тұрмыстық және өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша практикалық кеңестер берілді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шараға 60-тан астам қала тұрғыны қатысып, өздерін алаңдатқан қауіпсіздік мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заңды сақтау әрбір адамның күнделікті әрекетінен басталады. Жеке жауапкершілік – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның негізгі кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1160604?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау